Германияның Қазақстандағы елшілігі елордада неміс киносының кешін өткізді
Бүгінде біздің ел мен Федеративті Республиканың серіктестігі сауда-экономикалық қана емес, тарихи-мәдени салаларда да жыл сайын нығайып келеді. Айтулы мерейтой аясында Германияның Қазақстандағы елшілігі елордада неміс киносының кешін өткізді. Астаналық көрермендерге «София Шолльдің соңғы күндері» атты фильм ұсынылды. Картина елордадағы Kinopark 8 IMAX Saryarka кинотеатрында көрсетілді.
Фильмде 1943 жылғы оқиға суреттеледі. 22 жастағы неміс қызы София Шолль ағасы Ганспен бірге батылдық тауып, оқу орнында фашизмді айыптаған мәтін жазылған парақшаларды Мюнхен университетінде таратып жібереді.
Бірақ екеуі де ұсталады. Гестаподағы ұзақ тергеулерден кейін София жасаған ісін мойындауға мәжбүр болады. Ұлтшыл социалистердің халықтық соты бойжеткенді өлім жазасына кеседі. Бұл – «София Шолльдің соңғы күндері» деп аталатын неміс киносы болған оқиға. Биыл Германия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғанына 30 жыл. Елші Моника Иверсен кинокартинадағы негізгі ой бүгінде өзекті болып қала беретінін атап өтті.
Моника Иверсен, Германияның Қазақстандағы елшісі:
- Қазақстан мен Германияның өзара серіктестігі қарқынды дамып келеді. Тек экономикалық бағытта ғана емес, білім, қоршаған ортаны қорғау, IT, инженерия салаларын да бірлесе дамытуға мүдделіміз. Ал фильмдегі демократия мәселесі бүкіл әлем үшін әлі де өзекті. Қазақстанның осы реттегі жаңа реформаларына сәттілік тілеймін.
Демократия, ой еркіндігі. Игілікті істе өз ұстанымынан қайтпауға тәрбиелейтін мықты фильм. Елордалық көрермендер өз пікірін осылай білдірді.
Абай Өтебайұлы, студент:
- Өз пікіріңді білдіру өте маңызды. Жастар ештеңеден тайсалмай, өз идеямызды айта білуіміз керек. Кез келген қоғамда халықтың ойы ескерілсе, тұрақтылық болады деп ойлаймын.
Неміс киносының фестивалі Қазақстан мен Германияның дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына арналған шаралардың бір парасы ғана. «Жыл соңына дейін әлі де бірқатар мәдени бағдарлама ұйымдастыру жоспарланған», – деді Германия елшісі.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дархан Күнтуов