«Жыным сол» кинокомедиясы жарыққа шықты
Ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан «Жыным сол» кинокомедиясы көрсетіле бастайды. Бұл отандық Tiger Films компаниясы түсірген 10-картина. Қиял-ғажайыпқа негізделген фантастикалық комедияның таныстырылымы Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтті.
Екі жыл бұрын ғана құрылған Tiger Films компаниясы өз көрермендерін тағы да таңқалдырды. Режиссер Дархан Сәркенов бастаған жұмыс тобы айналасы 15 күннің ішінде «Жыным сол» кинокомедиясын түсіріп үлгерген. Басты рөлдердің бірін ойнайтын актер Рамазан Амантай осы жолы қатты толқығанын жасырмайды.
Рамазан Амантай, актер:
-Басқа ұжым, басқа актерлық құрам, басқа режиссер деген секілді жаңа орта болды. Жаңа образ, жаңа кино. Сондықтан «Қазақша бизнестің» премьерасына келген кезде көбінесе қобалжу болмайды. Өйткені үйренген жер, үйренген кино, үйренген әріптестер. Сондықтан осы жолы кішкене қобалжып тұрмын.
Бұл фантастикалық комедияның желісі бір ұжымда істейтін әріптестер арқылы өрбиді. Банк қызметкері Досбол өзінің әріптесі Аягөзді құлай сүйеді. Бірақ айдай сұлу арудың жүрегін басқа бір әріптесі жаулап алған. Қызғаныштан өзегі өртенген Досбол сол кезде құмырадан шыққан тылсым күш иесінің көмегіне жүгінеді. Фильмге Дина Тасболатова мен Айжұлдыз Адайбекова, Дулыға Ақмолда мен Гүлшат Тұтова секілді актерлер түскен.
Айжұлдыз Адайбекова, актриса:
-Бұл қарапайым жай ғана комедия кино емес, бұл бір жағынан фикшн, яғни бұл фантастика. Сондықтан да барлық адамдардың көңілінен шығады деген үміттемін. Әрина ең бастысы бүкіл бағаны беретін қарапайым халық. Біз қандай баға берсе де сол бағаны қабылдауға дайынбыз.
Tiger Films компаниясы мұнымен тоқтап қалмай алдағы уақыттары Ақан Сатаев секілді белгілі режиссерлермен бірге басқа жанрларда да кино түсіруді жоспарлап отыр. Ал Досбол Аягөздің жүрегін жаулай ала ма? Оны фильмнен біле аласыздар.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев