«Әкім әйел» комедиясы көрерменге жол тартты
Қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында Tiger Films продюсерлік компаниясы «Әкім әйел» толықметражды комедиясын көрермен назарына ұсынды. Ойнақы болса да, ойландыратын фильм алыс ауылдағы әйелдің тұрмыс тіршілігін көрсетеді. Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өткен тұңғыш көрсетілімге біздің түсірілім тобы да қатысып қайтты.
«Әкім әйел» комедиялық фильмі шынайы оқиғаға негізделген. Еден жуушы болып қызмет ететін жалғызбасты ана Айнагүл Қалдыбаева сайлауда кездейсоқ жеңіске жетіп, әкім болады. Шенеуніктік қызметтен хабары жоқ болса да, ауылдастарының мәселесін жетік білуі оның табысқа жетуіне жол ашады.
Ернат Байұзақ, фильм режиссері:
-Бөтен ауылға барып, фильм түсіру, соны ұйымдастыру біздің әрине продюсерлердің мықтылығы солардың профессионализмі деп есептеймін және актерлермен жұмыс жасау енді профессионалдық деңгейде көптеген тәжірибесі бар актерлармен жұмыс жасаған әлбетте ол жемісін берді деп ойлаймын. Актерлік ансамбль өте жақсы таңдалған есептеймін.
Фильмде басты рөлде Нұргүл Мыңғатова ойнайды. Талантты актриса «Келінжан» телехикаясы арқылы көрерменге жақсы таныс. Жаңа образ актрисаның толықметражды фильмдегі алғашқы басты ролі. «Картинада сан қырлы қазақ әйелін көрсеткім келді», — дейді ол.
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
-Әйел адам қырық жанды дейді ғой, бәріне үлгереді, бәрін істей алады. Әйел адам жалпы мықты деген мағынада ертең енді әйел адамдардың бәрі осындай басшы болып, елді басқарып кету деген мақсат емес, әйелдерге күш қуат жігер беру. Қаншама қайсар қыздарымызға қолдау көрсету деген мақсатта, ешқандай басқа ой жоқ бізде.
«Әкім әйел» — Tiger Films продюсерлік компаниясының оныншы толықметражды туындысы. Көктем мерекесі қарсаңында керемет көңіл күй сыйлайтын фильмді KINOPARK кинотеатрлар желісінен тамашалауға болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев