Көкшетауда ұлттық нақыштағы демалыс орны ашылады
Мейрамханадағы мұражай. Онда қонақтар тек тамақтанып қана қоймай, өткеннен сыр шертетін тарихи жәдігерлермен таныса алады. Әсем ән, күй тыңдап, ұлттық тағамдардан дәм татады.
Әуезді ән мен күмбірлеген күй. Қазақ мейрамханасына келген қонақтарды өнерлі өрендер осылай қарсы алады. Ұлттық өнерді дәріптеген жастардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар.
Юрий Кочетыгов, студент:
- Қазіргі кезде мен Біржан сал музыкалық колледжінде білім аламын. Сабақтан тыс уақытта осы мейрамханада өнер көрсетеміз. Маған өте ұнайды. Біз көбінесе халық әндерін орындаймыз.
Ауылдың дәмі таңсық қалалықтар үшін бұл тапсырмас орын. Өйткені мұнда ұлттық тағамның түр-түрі дайындалады. Бірақ қонақтардың дені тек тамақтану үшін емес, тынығу үшін келетінін айтады.
Дамир Досқожин, қала тұрғыны:
- Бұл жерге біз тек тамақ үшін ғана емес, мәдени, рухани тынығу үшін келеміз. Осындай жерлер қалада өте аз. Тарихымыздан сыр шертетін демалыс орындарын қолдаймыз ғой. Балаларымды, жақындарымды әдейі алып келдім.
Жақында демалыс орнының тағы бір бөлігі мұражай стилінде ашылады. Қазірдің өзінде оған 50 астам жәдігер қойылған.
Гүлнәр Күленова, мейрамхана жетекшісі:
- Жастардың рухын көтерейік деп, тарихымызды жастарға көрсетейік деп, естілмеген тарихта жаңа есімдер шығып жатыр. Солардың барлығын дәріптейік деп Алаш Орда зиялыларының суретін салдық. Хандардың суретін ілдік.
Жалпы соңғы жылдары шаһарда ұлттық нақыштағы демалыс орындары көбейді. Бұл өз кезегінде курорттық аймақтың туристік әлеуетін көтеруге септігін тигізеді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка