Алматыда «Батыр из прошлого» фильмінің премьерасы өтті
Алматының Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында «Батыр из прошлого» фильмінің премьерасы өтті.
Tiger Films продюсерлік компаниясының 24 картинасы Алтын орда кезеңі мен бүгінгі күнді байланыстырады. Фантастикалық комедияның режиссері Дархан Сәркенов. Ал басты рөлдерде көрерменге кеңінен танымал Олжас Әлжанов, Рамазан Амантай, Еламан Есентаев сынды актерлер ойнайды.
«Батыр из прошлого» фильмінің оқиға желісі 14 ғасырдан басталады. Алтын орданың елшісі Ертебер батыр шайқас кезінде бүгінгі күнге өтіп кетеді. Кейінгі ұрпағын кездестіріп, олардың тұрмыс-тіршілігін көреді. Уақыт өте өз заманына қайтудың жолын іздейді. «Комедия жанрында болғанымен айтар ойы салмақты фильм»,- дейді актерлер.
Рамазан Амантай, актёр:
- Бабаларымыздың ұрпағына айтқан сөздерін көрсететін фильм деп әдемілеп айтсақ та болатын шығар. Мен бала кезде біздің бабаларымыз бізге қарап нетер екен деп ойлайтынмын, бұл фильм соны көрсететін фильм болды деп күтудемін.
Олжас Әлжанов, актёр:
- Алдын ала физикалық дайындықтан өттік, актерлік дайындықтан өттік. Мен Ерлан Кәрібаев деген мұғалімде осы сценарий бойынша алдын ала 1,5 айдай дайындалдым.
Картина – қазақ елінің тарихы терең әрі қуатты ел болғанын көрсетеді. Түсірілімге Tiger Films өзге компаниялар демеушілік жасап, дизайнерлер атсалысқан.
Ләззат Сарттарова, Алматы технологиялық университетінің факультет деканы:
- Tiger Films өтінішін ескере отырып, қысқа мерзімде жаңа образ жасап шықтық. Біздің дизайнерлер фильм кейіпкерлерінің дене бітіміне лайықты батырдың киімін тікті.
Шолпан Қожабаева, «ExpoGroup» халықаралық көрме компаниясының директоры:
- Отандық компания болғаннан кейін отандық кинематографты, отандық фильмдерді, қазақы киноларды тарихи осындай мәні бар, мағынасы бар фильмдерді қолдауға біздің компаниямыз бірден келісе кетті.
Өткеннен оралған батыр туралы фильм ертеңнен бастап Kinopark және Kinoplexx кинотеатрларынан көрсетіледі.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев