Жас жазушылар мен ақындар Президенттік әдеби сыйлыққа ие болды
Биыл елімізде тұңғыш рет Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы тағайындалды.
Алматыда өткен салтанатты жиында оның алғашқы иегерлері марапатталды. Сыйлық 18-35 жас аралығындағы қаламгерлерге берілді. Оған барлығы 53 адам өтініш білдірген.
«Проза» номинациясы бойынша «Квант» туындысы үшін Досхан Жылқыбай, ал «Поэзияда» «Қалалық құстар» өлеңдер топтамасын жазған Еділбек Дүйсенов үздік деп танылды. «Балалар әдебиетінде» «Атың озсын, азамат!» топтамасымен Олжас Қасым, «Драматургияда» «Тау көтерген Толағай» драмалық туындысының авторы Айтолкын Ашимова сыйлық иегері болды.
Сондай-ақ 2023 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия табысталды. Оған еліміздің 75 әдебиет пен өнер қайраткері ие болды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұдан былай да осы сала өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Әсіресе жас дарындарға шығармашылық жағынан өсуіне мүмкіндік жасалады.
Олжас Қасым, Президенттік арнаулы әдеби сыйлығының иегері:
- Кейінгі уақытта біздің мемлекетімізде балалар әдебиетіне көбірек көңіл бөлініп жатыр. Өйткені бұл кенжелеп қалған жанр болатын. Сондықтан біз осы классик жазушыларымыз Мұзафар Әлімбаев, Жахан Смақов сияқты классиктеріміздің жолын жалғауға тиістіміз деп санаймын. Сондықтан осылай марапаттап жатқаны біздің әдебиетімізге деген қолдау деп білемін.