Алматыда Шөмішбай Сариевтің музейдегі мұрағат қоры толықтырылды
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Шөмішбай Нағашыбайұлына арналған бұрыш Алматы қаласының Мемлекеттік архиві ғимаратында орналасқан. Айтулы шараға қазақ әдебиетінің ақсақалдары, әншілер және жары Жұмагүл Сариева қатысты.
Бұл – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Шөмішбай Сариевтің «Менің мемлекетім» өлеңі. Ақынның әр жыры терең ойға толы, ұйқасы әннің ажарын аша түседі. Алматы қаласы Мемлекеттік архивінің бір қабаты елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір тарихына арналған. Таланттылар қатарынан Шөмішбай Сариев те орын алды. Қайраткердің жеке заттары Алматы қаласы Мемлекеттік архивіне 2016 жылдан бастап жинала бастаған.
Жұмагүл Сариева, ақын Шөмішбай Сариевтың жары:
- Ағаңның жазған пластинкалары бұрынғы, сосын видиктері, сонымен бар заттарының бәрі осында өткізілді. Әлі де болса біраз заттармен толықтырам. Ағаңның әндері осыдан 30-40 жыл бұрын жазылса да әлі күнге дейін ешбір эфирден түскен емес.
Талай өлең-жырларын басқан жазу машинкасы да мұрағатқа тапсырылды. Әдемі шапаны да көпшілік назарына қойылды. Қос қанатты ақын атанып кеткен тұлғаның бір қанаты лирикалық жырлары болса, екіншісі ән-өлеңдері еді.
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова автордың «Аққу сенім» әнімен жұлдызы жанған. Оның қоржынында Шөмішбай Сариевтің өлеңіне жазылған 30-дан аса әні бар.
Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі:
- Мен осындай ұлы тұлғаның әнін айтып, сол кісінің өлеңіне жазылған әндерді айтқаныма бақыттымын. Мына Сембек Жұмағалиев екеуміз «Ғашықтар жыры» деген әнді айтамыз. Ол да әлі күнге дейін хит, қырық жыл болса да халықтың сұранысында.
Шөмішбай Нағашыбайұлының «Домбыра», «Қарағым-ай», «Сәлем, саған туған ел», «Айналдым сенен», «Атамекен-ай» сынды әндері қазақ халқының бойтұмары іспетті. Өзінің де атын асқақтатып, талай әншінің бағын ашты. Мұрағатқа келушілер үшін кіру тегін. Өнерсүйер қауым осылайша ақынның шығармашылығымен кеңінен таныса алады.
Нағима Нұрманова, Алматы қаласы Мемлекеттік архиві жинақтау қызметінің басшысы:
- Жалпы Шөмішбай ағамыздың қоры Алматы қаласында 650 қор болып тіркелді. 650 қорда Шөмішбай ағамыздың 1962 мен 2012 жылғы 32 құжаты бар еді. Енді осы құжаттарды Жұмагүл апамыз Шөмішбай ағамыздың қолжазбаларымен толықтырамын деп отыр.
Шөмішбай Нағашыбайұлы 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш станциясында туған. Ол ұзақ жыл «Жұлдыз» журналында және Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек етті. Біртуар ақын 2021 жылы 15 ақпанда 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов