Халықаралық музей күнінде мұражайларға кіру тегін болады
Ертең – халықаралық музей күні. Мұражайларға кіру тегін болады. Қызылордадағы 1905 жылы салынған музейге бас сұқсаңыз, ел астанасы Орынбордан көне Ақмешітке көшірілген кезеңге еніп кетесіз. Сондай-ақ Алаш қайраткерлері қалыптастырған саяси-мәдени ортаға саяхаттап, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргеновтердің халық ағарту ісін қалай бастағанын біліп шығасыз.
20-ғасырдың басында салынған музейде Қамысқала, кейін бекініс ретінде қаланған шағын шаһардың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін жазбалар сақтаулы. Қазақ ғалымдары мен инженер және ағартушы-қаламгерлерінің алғашқы еңбектері де қаттаулы тұр.
Гүлзира Әубәкір, «Ақмешіт» музейінің ғылыми қызметкері:
-Қазақстандағы тұңғыш инженер деп Мұхамеджан Тынышбаев пен Аспандияр Кеншинді айтуға болады. Қарап тұрсаңыздар Қызылорда қаласының бас жоспарының авторлары осы екі кісі. Астана кезеңінде Орынбордан Қызылордаға 20 мекеме көшіріп алып келінді. Мынау Қызылорданы қақ жарып жатқан Сарқырама каналы осы кісілерден қалған көз деп айтсақ болады.
Мұражайға келушілерді 123 жыл бойы жүріп тұрған сағат қызықтырады. «Le Roi a Paris» яғни «Париж патшасы» деген брендпен 1901 жылы ағаштан ойып жасалған сағат ерекше шеберлікпен құрастырылған. Жалпы «Ақмешіт» мұражайында 2000-ға тарта экспонат сақтаулы.
Гүлзира Әубәкір, «Ақмешіт» музейінің ғылыми қызметкері:
-Музейдегі ең құнды жәдігердің бірі ретінде мына камераны айтуға болады. Бұл камераның тарихын зерттей келе 1929-39 жылға дейінгі аралықта Мәскеуде фотоаппарат шығаратын өндірістік зауытта 130 мың дана шығарылған.
Музейдегі сыры кетсе де сыны кетпеген көне жәдігердің бірі осы фортопиано. Сүліктей қара музыкалық аспап бамбук ағашынан, ал пернелері піл сүйегінен жасалған. Сонау 19 ғасырда Германияда құрастырылған пианино әлі де сайрап тұр.
Сыр еліндегі мұражайларда 158 мың жәдігер бар. Қазіргі таңда соның 7 мыңдайы цифрлық форматқа көшіріліп, виртуалды саяхат жасауға болады.
Айгүл Айтмұқанова, ҚР Ұлттық музейінің баспасөз хатшысы:
-18 мамырда «Музей түні» халықаралық акциясы өтеді. Кешкі 6-дан бастап мұражайлар есігі айқара ашылады. Тұрғындар көне жәдігерлердің тылсым сырына қанығып, өзіндік зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады.
Ел аумағында 270-тен астам мұражай бар. Олардың әлемдік мәдениетті дамытуда, тарихи-мәдени мұралар мен өнер жауһарларын сақтап, халыққа жеткізуде маңызы зор.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев