Туризм – табыс көзі
Биыл Түркістан облысында туристік аймақтардағы инфрақұрылымды жақсартуға 17 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 19 жоба жүзеге асырылады. Яғни саяхатшылар көп баратын туристік аймақтардағы жолдар жөнделеді.
Ақмола облысына биыл 1 млн 200 мыңнан астам турист барады деп жоспарланса, ақтаулық зейнеткерлер туристерге гид-экскурсовод қызметін ұсынбақ.
Түркістан облысында туризм маусымы наурыз айында ашылды. Биылғы міндет – инфрақұрылымды дамыту, кадр даярлау, туристерге ұсынатын қызмет сапасын арттыру.
Биыл Түркістан-Отырар бағытындағы ұзындығы 75 шақырым 4 жолақты жолдың 35 шақырымына асфальт төселеді. Одан бөлек Сауран қалашығы мен Қасқасу тау-шатқалы бағытындағы жолдар жөнделеді.
Нұрдәулет Медеуов, облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Өздеріңіз білесіздер, Ақмешіт немесе басқа да туристік нысандарымыздың бойында санитарлық-гигеналық тораптар сын көтермейді. Биыл өңірдегі ең туристер көп баратын негізгі туристік нысандарда жаңадан санитарлық-гигеналық тораптар орнату жоспарланып отыр.
Ал биыл Ақмола облысына 1 млн 200 мыңнан астам турист барады деп жоспарланған. «Қазір өңірдегі курорттық аймақтар жазғы мауысымға толығымен дайын»,- дейді жауаптылар.
Жергілікті билік операторлармен бірлесіп, интернет пен ұялы байланыстың сапасын жақсарту үшін арнайы қондырғы орнатпақ.
Щучье-Бурабай курорттық аймағында 1 200 көлікке арналған 2 автотұрақ ашылып, 27 қоқыс жинайтын алаңы орнатылған.
Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Туристтер көп жиналатын жерлерге осы контейнерлер орнаттық. Алдаға уақытта курорттық аймақта тазалық мәселесін толық шешеміз деген ойдамын. Одан бөлек Бурабайда 88 санитарлық-гигиеналық торап іске қосылды.
Енді Ақтаулық зейнеткерлер Маңғыстау өңіріне саяхаттап барған туристерге гид-экскурсовод ретінде қызмет көрсетеді. Ол үшін «Күміс жас» жобасы аясында 30 зейнеткер жедел курстан өтіп, сертификат алды. Егде жастағы азаматтар 3 айлық дәріс кезінде өңірдің киелі жерлерімен танысып, көпшілік алдында сөйлеуді үйренді. Ағылшын тілінде күнделікті жиі айтылатын сөз тіркестерін жаттап алған. Олардың ең жасы 52-де болса, үлкені биыл 87-ге толады. Жобаға қатысушылар бұрын өнер, медицина және инженерия саласында еңбек еткен.
Түрікпенбай Көркембаев, зейнеткер:
- Маңғыстау – ашық аспан асты мұражайы. Осы курста оқып жүргеннен осыған қатысқандардың бәрін экскурсия орталығына жіберді. Егер сол экскурсовод керек болса, бізді шақырады. Шақырмаса да біз өзіміз барайық деп тұрмыз.
«Үйлестірушілер курсты жетілдіруді жоспарлап отыр. Себебі жобаға қатысуға қызғушылық танытқан зейнеткерлердің қатары көп», - дейді.
Ал «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» аясында 40-тан астам ауқымды іс-шара өтеді. Сондай-ақ инвесторлар есебінен құны 25 млрд теңге болатын 20 туристік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін өңірде 470 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов