Хабар телеарнасы

Шымкенттегі саябақта Шәмші әндері шырқалды

Шымкенттегі Шәмші аллеясына барған тұрғындар енді вальс королінің әндерін тыңдай алады. Саябақта таңертең 9:00-де Әнұран орындалса, әрі қарай түнгі 12-ге дейін Қалдаяқовтың туындылары шырқалатын болды.

Тұрғындар танымал әншілердің репертуарындағы «Өмір–өзен», «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында» атты әндерді насихаттау оң бастама деп есептейді. 5 гектар жерге әуен толық естілуі үшін 12 бірдей дыбыс зорайтқыш орнатылған.

Күмісай Сәулембаева, қала тұрғыны:

- Бір керемет демаласың. Басқа саябақтарда да ойнап тұрса, әсіресе адам көп баратын жерлерде осы Шәмшінің әндері орындалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Диас Әліқұлов, қала тұрғыны:

- Бұрынғы әндерде қазіргі әндерге қарағанда мағына көп сияқты. Бұрынғы әндердің сөзі жақсы, әні жақсы, мағынасы жақсы.