Жаздың басында Астанада тұратын үздік отбасы анықталады
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына биыл елорданың 238 шаңырағынан өтініш түскен. Қатысушылар көп болғандықтан, комиссия отырысы 2 күнге созылған.
«Отбасы институтын дәріптеп, адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын байқауда биыл жеңімпаздар көп болады»,- дейді ұйымдастырушылар.
Атап айтсақ, «Дарынды», «Берекелі», «Салауатты» және «Білімді отбасы» сияқты 10 аталымның және әр ауданның бір жеңімпазы анықталады. Ал «Ең үлгілі» отбасы республикалық байқауға жолдама алады.
Айдана Қамзаева, ҚХА хатшылығы мен ҮЕҰ бөлімінің басшысы:
- Әртүрлі отбасылар қатысты. Біз үйінде қарты бар отбасыларға аса мән бердік. Биыл конкурстың аясында көпбалалы деген критерий жоқ. Соған қарамастан, көпбалалы бола тұра біраз жетістікке жеткен, заманауи талаптардан қалмай, өсіп-өніп келе жатқан біздің бетке ұстар үздік отбасыларымыз көп.