Кинологтар: Тазы танылатын күн алыс емес
Қазақтың тазысы ұлттық бренд ретінде әлемде мойындалатын күн алыс емес. Отандық кинологтар одағы Халықаралық кинология ұйымы қойған талаптардың барлығын орындап, құжаттарды тапсырды. «Келесі айда оң шешім болып қалады», – деп болжап отыр.
Жойылып кете жаздаған құмай тазының саны қазір артып келеді. Тек кинологтар ұйымында ғана 5 мыңға жуық ит тіркелген. Тазының стандарттары мойындалып, халықаралық деңгейде танылса, оның саны еселеп өсетініне сенім бар.
Құмай тазы жер жаһанға қазақтың иті ретінде танылатын күн алыс емес. Тазының қазақ даласынан шыққандығын айғақтайтын дәлелдер көп. Мәселен, біздің дәуірімізге дейінгі ХІІ-ХVIII-ші ғасырларда тасқа таңбаланған суреттері табылды. Мыңдаған жылға тамыр тартатын фольклор мен ұлттық дәстүрімізден де көрініс табады. Ал ХХІ ғасырда төрткіл дүниені мойындататын басты дәлел бар.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының президенті :
– Ол - генетикалық зерттеу. Осы бір-екі жыл бұрын Қазақстаннан, өңірлерден иттерді жинап, арнайы проба алып, соны генетикалық зерттеуден өткізіп, өте керемет нәтиже шықты. Ол зерттеудің нәтижесінде ол тазы дербес, жеке тұқым екенін дәлелдедік.
Тазының болмысы бекзат, мінезі байсалды. Аңшылық қасиеті мен төзімділігі – қазақы тұқымның басты шарттары. Бір-екі ай бұрын Халықаралық кинология федерациясының өкілдері арнайы ұйымдастырылған көрмеге қатысып, бүге-шүгесіне дейін тексеріп кетті.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының президенті :
- Ол комиссия тиісті қорытынды жасап, халықаралық федерацияның басшылығына, комитеттеріне жолдаған. Енді біздің болжау бойынша қыркүйек айында бас комитеттің отырысы өтеді. Сол отырыста біздің сұрағымыз қаралады және оң шешімін табады деп сенеміз.
Тазы халықаралық кинология федерациясында қазақтың ғана меншігі ретінде танылуы тиіс. Кинологтар атап өткендей, генетикасы жағынан біздің құмайға ұқсас ауған итін еуропалықтар заңдастырып алған. «Қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне баланатын тазының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне жол бере алмаймыз», - дейді.
Берік Дүйсенбай, Руслан Тәуірше