Ақтауда Ә. Кекілбайұлының 85 жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастырылды
Ақтауда халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Әзербайжан ғалымдары қатысты. Сондай-ақ «Әбіш әлемі» атты дәстүрлі халықаралық театр фестивалі басталды. Шетелден және өңірлерден жиналған 8 театр ұжымы халық жазушысының шығармалары желісімен сахналанған қойылымдарды үш күн бойы көрермен назарына ұсынады.
Әбіш Кекілбайұлы бүкіл саналы ғұмырын, еселі еңбегін туған халқына арнады. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің дамуына орасан үлес қосты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- «Әбіш Кекілбайұлы – төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерген заңғар жазушы, классик қаламгер. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Әбіш Кекілбайұлының отаншылдығы, парасаттылығы, білімпаздығы мен еңбекқорлығы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі:
- Мың жыл өтеді, бәрібір Әбіштің шығармасы киноға да, театрға да көрінеді. Сондықтан мінекей, ел келіп, тойлап жатыр Әбіштің 85 жылдығын. Біраз беретін туындылары бар еді. Соның бәрі ішінде кеткені өкінішті кейде. Қап, мына Әбіш қалай айтар еді, - деп қаласың кейде.