Хабар телеарнасы

Абыз ақсақал Қасымхан Алдабергенұлымен кездесу кеші өтті

Әрі жыршы, әрі ақын, әрі батыр. Қостанайлық абыз ақсақал Қасымхан Алдабергеновтың есімі көзі қарақты әр қазаққа жақсы таныс. Талай айтыста топ жарып, жыр-термелерімен жұртты ұйытқан өнер иесі, соғыста Қарулы Күштердің элитасы саналатын әуе десант құрамында болған.

Қасымхан Алдабергенов 1925 жылы Қостанай облысының Талдыкөл ауылында дүниеге келді. Бала кезінен өнерге құмартып, ел ауызындағы жыр-дастандарды жаттап өскен. Құйма құлақ жыршы ақындардың көзін көріп, батасын алған.

Қасымхан Алдабергенов, мәдениет саласының ардагері:

- Анау ауылға Жәкібай келіп жатыр,бүгін жырлайды, бәленшенің үйінде дейді. Соған жолға түсіп алып, жалаңаяқ, балтырды түріп жіберіп, бала кезімізде 6-7 жас қой, соған барып отырып, тыңдаймыз түніменен. Сонау Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Өтей Қалиев дейтін, Ахметхан Әбілқайыров дейтін халықтың ақындары, өнерпаздарымен дәмдес болдым, батасын алдым.

Жы­раулық өнердің уызын қанып ішкен ақсақал талай айтыста аламанға түсіп, дүбірлі додаларда топ жарды. Қасымхан атаның шығармашылығы сан қырлы. Жыраулық, айтыскерлігінен бөлек қара өлең жазудың шебері, журналистігі тағы бар.

Абылай Мауданов, ақын:

- Қасымхан атаның ерекшелігі бұл кісі Абай жырларын «Масғұтты», «Әзім әңгімесін», «Ескендірді» ең бірінші Қостанай өңірінде домбыраға қосып, мақам шығарып, сөйтіп жұртқа насихаттаған. Бұл кісінің композиторлық ерекшелігі бар. Сонымен бұл кісінің «Нұрхан сазы» деп аталатын күй бар. Біз әдетте күйге мақам қосып айтамыз, ал бұл кісі мақамды күйге айналдырып тұр.

Аштық, қанды соғыс азаптарын басынан өткізген ақсақал ұзақ жасау сырын осы өнермен байланыстрады.

Қасымхан Алдабергенов, мәдениет саласының ардагері:

- Жалпы адамның өзінің мінезіне байланысты ғой деймін. Сосын мені осы алып келе жатқан, жасартатын былайша айтқанда жаңағы өнер. Бір ауыз өлең айтайын. 

Қуғаным өлеңмен жыр жасымнан тек,

Жиғаным жиһаздарым асылдан тек,

Саз әуен самғап көкке көтерілсе,

Қалғайсың Жағалбайлы Қасымхан деп.  

Жасы биыл 99-ға келген абыз ақасақалмен Қостанайдағы қазақ драма театрында кездесу кеші өтті. Саналы ғұмырын саханаға арнап, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан ардагер өмір жолынан сыр шертіп, жыр оқыды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг