Хабар телеарнасы

Парижде Қазақстанның мәдениет күндері басталды

Париждегі Қазақстанның мәдениет күндері қазақ киносының фестивалімен басталды. Онда танымал режиссер Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері көрсетіледі. Кез келген режиссердің арманы – Францияның «Синематека» залында көрермен жинау. Ол – кинотеатр ғана емес, сондай-ақ әлемдегі ең үлкен киномұрағат әрі мұражай.

Дәрежан Өмірбаевтың есімі осы залдағы орындықтың біріне жазылады. Канн кинофестивалінің сыйлығын алған киносыншы Жан-Люк Годар қазақ режиссерінің шығармашылығына жоғары баға берді.

Алдағы аптада Париж көрермендері Дәрежан Өмірбаевтың барлық фильмдерін көреді. Бұдан бөлек конференциялар мен пікірталастар өтеді.

Дәрежан Өмірбаев, режиссёр:

- Киноның отаны ғой Франция деген. Содан кейін сол елдің негізгі бір киноға байланысты жері ғой бұл тұрған жеріміз - Синематека. Сондықтан бұл жерде ретроспективаны көрсету деген әрине, білетін адамдар түсінеді өте маңызды залдардың біреуі ғой. Әрине, бұл – үлкен мәртебе.

Бернар Бенольель, Француз Синематекасының арт-директоры:

- Францияда оның шығармашылығын жақсы көреді, фильмдерін іздеп жүріп көреді. «Қайрат», «Кардиограмма» прокатқа шыққанда, олар туралы біздің ақпарат құралдары жарыса жазды. Оның фильмдері сүйіспеншілікке толы.