«Абай» операсы Мәскеудің Үлкен театр сахнасында қойылды
«Астана Опера» Мәскеудің Үлкен театрында «Абай» операсын сахналады. Қойылым «Музыканы көру» халықаралық фестивалі аясында өтті. «Абай» операсы 70 жылдан астам уақыт бұрын жазылған. Алғаш рет 1944 жылы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында қойылды. Әлемнің ең танымал театрларында көрермен көзайымына айналды.
Мәскеуде «Абай» операсы бірінші рет 1958 жылы Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі аясында сахналанған. Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы – тек махаббат, жақсы мен жаманның күресін бейнелеген қойылым емес. Қазақтың жандүниесінің тереңдігін көрсететін, көшпелі өмірдің салты мен философиясын насихаттайтын бірегей туынды. Қойылым қалың көрерменнің көңілінен шығып, лық толы зал қазақ өнеріне шынайы ықыласын көрсетті.
Джанкарло Дель Монако, «Абай» операсының қоюшы режиссёрі:
- «Абай» қойылымы орыс, италия немесе басқа елдердің операсына мүлдем ұқсамайды. Олардан ерекше, бірегей туынды. Дегенмен қазақ музыкасы еуропалық және ресейлік музыкалық дәстүрге жақын. Мен үшін қазақ тілінде опера қою қиын болғанымен, бұл өте құнды тәжірибе деп санаймын.