Алматылық оқушылар ұлттық мерекені ұлықтады
Алматылық оқушылар Республика күні мерекесіне орай флешмоб ұйымдастырды. Қаладағы 12 мектептен келген 200-ден аса оқушы саябақта сап түзеп, қолына жалау алып, әнмен бірге тербелді.
Флешмобтың мақсаты – еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған сәтті, Тәуелсіздіктің бастауы болған күнді айшықтау. Ұлттық мерекені ұлықтау Президент саябағында өтті. Бұл орынның таңдалуы бекер емес. Себебі Алматыға келген туристер осы паркке соқпай кетпейді. Балалар флешмоб соңында 7 метрлік туды жайып, «Республика күні құтты болсын» деп ұрандатты. Шара оқушылар мен мұғалімдердің бастамасымен ұйымдастырылған.
Адель Ыбыраева, №105 гимназия оқушысы:
- Республика күні – бұл Қазақстан тарихының бір ең үлкен мерекесі. Бұл флешмобты біз №105 гимназиямен ұйымдастырғанбыз. Біздің мақсатымыз – қазақ халқының рухын көтеру, біздің тарихымызды еске алу.
Жанар Нұғыманова, қала тұрғыны:
- Өскелең ұрпақ үшін еске түсіріп тұру керек. Мыңыздылығы сол. Ұмытпау керекпіз, егемен ел екенімізді есімізге түсіріп тұру керек. Қазақ халқы үшін дүркіреген мереке болу керек деп ойлаймын.