Елордада қазақ өнері майталмандарының қатысуымен концерт өтіп жатыр
Сондай-ақ бүгін елордада қазақ өнерінің майталмандары концерт қойып жатыр. Еліміздің егемендік жылдары қол жеткізген рухани, мәдени жетістіктерін паш еткен кеште белгілі музыканттар да сахна төрінен көрінді. Атап айтсақ, Роза Рымбаева, Айгүл Үлкенбаева, Нұрлан Өнербаев, Мейрамбек Беспаев және Мирас Жүгінісов өнер көрсетті.
Республика күні - рухымызды қайта жаңғыртып, ұлттық мүддеміз бен тарихи бейнемізді биікке көтеруді дәріптейтін ұлы мереке. Президент орталығында бірқатар танымал музыкант патриоттық ән-күйлерді нақышына келтіре орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ал ұлттық мерекені атап өту үшін осында жиналған елордалықтар дән риза.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі:
-Еліміздің, жеріміздің ерекше мерекесі - Республика күні. Республикамыз, әрине ең жас мемлекеттердің бірі. Сондықтан алда әлі үлкен жұмыс бар. Арман бар, үміт бар. Сондықтан Қазақстан халқы жұмылып, еңбек етіп, Қазақстанымыздың өсіп, өркендеуіне, дүниежүзіне танылуына еңбек етейік.
Мерекелік кеште халыққа кеңінен тараған әндер эстрадалық-симфониялық оркестрдің және бэнд ансамблдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалды. Балет бишілері музыкалық туындыларға арнайы қойылымдар әзірлепті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әншілер алдыңғы, орта және жас буын өкілдерінен іріктеліпті.
Салтанат Мүксімова, Мәдениет басқармасының бөлім басшысы:
-Өнер көрсетіп жатқан жұлдыздарымыз 20-ға жуық. Бұдан бөлек, қаланың 5 аумағында күндіз іс-шара өтті. Ірі, сонымен қатар шағын іс-шаралар өтуде. Барлығы 100-ге жуық.
Мерекелік іс-шараға мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар, өнер қайраткерлері, ғалымдар арнайы шақырылған. Одан бөлек, қала қонақтары мен тұрғындары үшін де кіру тегін болды. Жалпы көрермен саны 1200-ден асты. Мерекелік музыкалық кеш жалғасып жатыр. Республика күні құтты болсын! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!
Авторлары: Диана Қадыр, Аян Сарсенбаев