Хабар телеарнасы

Екібастұзда «Самғау» балалар шығармашылық орталығы ашылды

Екібастұзда «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы ашылды. Инновациялық технологиялармен жабдықталған заманауи орталық бір мезетте 9 мыңдай оқушы қабылдайды. Ғимараттың бірінші қабатында би залы, театр, жеке вокал мен музыка сабақтарына арналған бөлмелер және 275 орындық үлкен аудитория орналасқан. Оқушылар шығармашылықтың барлық түрімен айналысады. Білім мен ғылымды меңгереді. Жаңа нысан Екібастұз қаласында балаларды қосымша біліммен қамту деңгейін 16 мыңға дейін ұлғайтады.

2023 жылдың тамызында Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласының тұрғындарымен кездесті. Көпбалалы ана Аяна Смағұлова сол кезде Президентке қалаға балалар шығармашылық орталығы керек екенін айтқан еді. Мемлекет басшысы оның сөзін жерге тастамады.

Аяна Смағұлова, көпбалалы ана:

-Жақсы, керемет, балалар үшін қуаныштымын ең бастысы. Балалар үшін ғой барлығы. Отанымыз үшін сол. Керемет, бәрі жақсы, осындай зәулім, заман талабына сай енді орталық салынып отыр.

Орталықта би, театр, жаттығу залдары, жасыл технологиялар, ғылыми-биологиялық зертхана, робототехника, компьютерлік модельдеу, ғарыштық радиобайланыс клубтары бар. Барлық үйірмелер тегін болады. Арайлым Наутаева бейнелеу өнерімен айналысады.

Арайлым Наутаева, оқушы:

-Мына жерде барлығы жаңа, әдемі және көп нәрсе бар. Жаңадан келген оқушыларға құрал-жабдық көп.

Ғинаят Сыздықов, Екібастұз қаласы сурет мектебінің директоры:

-Жаңағы Арт–студия, содан кейін қыш өнерімен гончарная дела дейміз, ол жерде бүкіл заманауи құрылғылардың бәрі бар.

Құны 5,3 миллиард теңгеге түскен жобаның құрылысына екі ірі кәсіпорын атсалысты. Сәулеті мен сәні келіскен еңселі ғимарат бір жыл ішінде салынып бітті.

Нұрлыбек Қыстаубаев, Kazmineralsbozshakol ЖШС бас директорының М.А. :

-Kazminerals тобы атынан барша Екібастұз тұрғындарын жаңа балалар шығармашылық орталығы ашылған рәсімімен құттықтаймыз. Балалар өзінің шабытын, шығармашылығын, талантын ашу үшін біздер қолдау керекпіз. Сол үшін Kazminerals тобы үлкен ынтамен сол проектіні қолдады. 

Облыстақосымшабілім беру нысандарының саны артады. Келесі жылы үш ауданда өнер мектебінің құрылысы басталады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков