А. Балаева зиялы қауым өкілдеріне мемлекеттік стипендия табыстады
Алматыдағы Достық үйінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әдебиет пен өнерге зор үлес қосқан тұлғаларға мемлекеттік стипендия табыстады.
Дәстүрлі марапатқа мәдениет пен әдебиет саласында тер төгіп жүрген 75 адам ие болды. Шығармашылық өкілдерін қолдау – елді бірлікке бастар руханиятты көтеру,- деп атап өтті министр.
Жыл басында орайлы себеппен бас қосқан зиялы қауым өкілдері қол алысып, құшақ айқастырып мәре-сәре. Тыныш заманда амандықпен жүздесу олжа, - дейді алдыңғы буын ағалар. Мемлекеттің қолдауына да дән риза. Мәдениет саласындағы дәстүрлі марапат шығармашылық өкілдеріне серпін беріп, жаңа бастамаларға жол ашатыны белгілі. Жүктелер міндет те жоқ емес. Халықты бірлікке шақыру, татулықты нығайту, жас ұрпаққа ізгі құндылықтарды сіңіру – зиялы орта мен мемлекеттің ортақ мүддесі, - деп атап өткен министр Аида Балаева зиялы қауымды Президент айқындаған құндылықтарды қолдауға шақырды.
Әлия Бөпежанова, әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Биыл осы стипендияға бірінші рет мені де ұсынған екен. Оған өте қуаныштымын. Стипендияның жүгі ауыр деп айтуға болады. Өйткені бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан жауапкершілікті мүмкіндігінше атқарып жүреміз деп ойлаймын.
Биыл мемлекеттік стипендия әдебиет пен өнердің 75 қайраткеріне тағайындалды. Асанәлі Әшімов, Ақұштап Бақтыгереева, Смағұл Елубай сынды белгілі тұлғалармен қатар өнерден өз орнын тапқан жастар да марапатқа ие болды.
Мақсат Саматов, Абай атындағы ҚАЗҰОБ театрының солисі:
- Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Ең алғашқы рет еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан стипендия алу – үлкен қуаныш. Әсіресе жастарға мотивация десек болады, ары қарай өнерге деген, жалпы жұмысқа деген құлшынысты арттырады.
Өткен 2024 жыл мәдениет саласы үшін нәтижелі жыл болды. Үш музей ұлттық мәртебесін алды. Қазақ киносының қара шаңырағы «Қазақфильмді» қаржыландыру мәселесі шешімін тапты.
Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Халық артисі:
- Қазіргі кезде өнерге ерекше жақсы көзқарастар көрініп жатыр.Енді Президенттің ерекше ықыласымен мемлекеттік стипендия алып жатырмыз. Үлкен ағалармен қатар тізімде болғаныма өте қуаныштымын. Азғантай болса да өнерге сіңірген еңбегіміз, өнер әлеміндегі өзіндік орнымыз бар екенініне, мемлекетіміздің бағала, біліп жатқанына шүкіршілік етемін.
Биыл атқарылар жұмыстар да ауқымды. Ұлттық кітап күніне орай әдебиет саласында екі үлкен байқау жарияланды. Қылқалам иелерінің шығармашылығын насихаттауға да басымдық берілмек. Ең бастысы, алыс ауылдарда танылмай жүрген таланттарды іздеп, қолдау көрсетіледі.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Кенже Амраев