Алматыда астан ұшынған оқушылар саны 55-ке жетті

  • 3
  • 15.10.2026, 19:13

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде астан ұшынған оқушылардың саны 55-ке жетті. Бұл туралы бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Жіті ішек инфекциясын жұқтырған олар Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, барлығының жағдайы тұрақты. Реанимациялық шараларды қажет етпейді.

Кеше 48 оқушының өткір ішек инфекциясымен ауруханаға түскенін айтқан едік. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мектеп асханасында тиісті талаптың сақталмағанын мәлімдеді. Азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру ережесі бұзылған. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Ал мектептегі сабақ қашықтан оқу форматына ауыстырылды.