Алматыда 48 оқушы жедел ішек инфекциясымен ауруханаға түсті. Олардың барлығы – Республикалық физика-математика мектебінің балалары. Қазір олар жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Интернаттағы тағы 6 бала оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Осы жайтқа байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жедел шара қабылдады. Мектепте санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілді және дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Мектеп басшылығы сұхбат беруден бас тартты. Сабақтың 16 қазанға дейін онлайн болатынын жазбаша хабарлады. Интернатта қалған оқушылар ата-аналарына немесе жақын туыстарына тапсырылады. Ал дәрігерлер оқушылардың қажетті ем алып жатқанын айтты.
Ержан Сералин, балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:
- Бактериологический, вирусологический анализдердің бәрін алдық. Ол енді 1-2 күнде дайын болмайды. Ол 4-5 күнде дайын болатын анализдер. Баланың организмі тез обезвожиться етіп қалуы мүмкін. Содан қорқып, бәрін осы жерге жатқызып, осы жерде регидратация жасап жатырмыз. Ертерек медицина көмегі жеткізілсе, балалар құдай қаласа, бір 2-3 күнде барлығы жақсы болып кетеді.
Аталған дерек бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 304-бабы яғни Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу фактісі бойынша іс қозғады. Тергеу амалдары аяқталған соң оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті шешім қабылданады.