Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 400 адам алаяққа алданып қалған. Олар 1 млрд 83 млн теңгеден айырылды. Қаражаттың тек 170 миллионы иесіне қайтарылған. «Себебі бұл қылмысты ашу оңай емес», - дейді жауаптылар. Киберқылмыскерлер әдіс-айласын әрдайым жаңартып отырады. Салдарынан сенгіш жандар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылады. Банктен несие алғандар жылдар бойы қарызын өтейді. Мұндай қылмыстарды қалай азайтуға болады?
Петропавлда алаяқтар 21 жастағы тұрғынды 500 мың теңге қарызға батырды. Белгісіз адам оған таңғы уақытта хабарласып, өзін ұялы байланыс операторымын деп таныстырған. Телефон нөміріңіздің мерзімі аяқталуға жақын. Оны ұзарту үшін құпия санды айту керек деп сендірген. Хабарлама 1414 нөмірінен келгендіктен, ол еш күмәнданбаған. «Әрі ұйқылы ояу күйде болдым», - дейді.
Қала тұрғыны:
- Арада 10–15 минут өткен соң, олардың алаяқ екенін түсіндім. Бірден eGov қосымшасына кіріп, менің атыма несие рәсімделмеуі үшін несие алуға тыйым салуды қостым. Алайда сол 10–15 минуттың ішінде-ақ менің атыма 500 мың теңге несие рәсімдеп үлгерген екен. Полицияға барып, арыз жаздым. Бірақ сол несиенің ақшасын әлі күнге дейін өзім төлеп келемін.
Өңірде тек дропперлік бойынша 58 іс тіркелген. Мамандардың сөзінше, алаяққа алданып, «дроппер» атанғандардың көбі студенттер. Жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 404 дерегі анықталды. Келтірілген шығын 1 млрд теңгеден асып жығылады. Оның тек 10 пайызы иелеріне қайтарылды. Цифрлық технология қарқынды дамыған сайын алаяқтар да әдісін жетілдіріп отыр.
Милена Балацкая, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Алаяқтар жаңа әдіске көшті. Олар: «Азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңбаның мерзімін ұзарту керек, хабарлама келгенде бір немесе екі деген батырманы басыңыз», - дейді. Кейін WhatsApp арқылы хабарласып, жәбірленушінің атына несие рәсімделіп жатқанын айтып қорқытады. Тіпті жалған полиция қызметкерімен сөйлестіреді. Ақыр соңында психологиялық қысым көрсетіп, несие алуға көндіреді.
Киберқылмысты болдырмау үшіне полицейлер банкоматтардың қасында күнделікті кезекшілікте тұрады. Нәтижесінде 40 азаматты дер кезінде тоқтатты. 60 миллион теңгеден астам қаражаттың қолды болуына жол бермеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде интернет-алаяқтық 31,4 пайызға азайды. Дегенмен қылмыстардың ашылу көрсеткіші әлі де төмен.
Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков