Алматыда «Жаным, ты не поверишь» кинокомедиясының тұсаукесері өтті
Комедиялық картина «Жаным, ты не поверишь» деп аталады. Көрсетілім «Forum Almaty» сауда-ойын-сауық кешенінде орналасқан «Kinopark La Coppola» кинотеатрында өтті. Оны тамашалауға белгілі актерлер мен жас өнерпаздар жиналды.
Фильмнің продюсері – еліміздің кинематография саласында танымал болып үлгерген жас актер Жандос Айбасов. Дайындық кезеңіне 3 ай кетіпті, бірақ кино бар-жоғы 17 күнде түсірілген.
Жандос Айбасов, актер, продюсер:
- Бұл – жаңа жанр және жаңа кино. Сондықтан біздің көрермендерге қатты ұнайтынына сенімдімін. Өйткені өзім көріп, жақсы әсер алдым.
Фильмдегі негізгі оқиға желісі жас жұбайлар арасындағы қарым-қатынас арқылы өрбиді. Үнемі ұрыс-керістен мезі болған Дастан есімді бас кейіпкер достарымен бірге қала сыртына серуендеп, балық аулауға шығады. Алайда ол осы сапарында қызықты, шытырман әрі қорқынышты жайттарға тап болады.
Тимур Шевченко, продюсер:
- Бұл салада жүргенімізге 10 жылдай болды. Сол уақыттың ішінде продюсерлер бізге критерийлер қоятын. Сол критерийлердің аясынан шыға алмайтынбыз. Бұл жолы біз өз ойымызбен кино түсірейік деп шештік.
Фильм авторлары әзіл-қалжыңмен өрілген бұл туынды көрерменді күлкіге қарық қылып, тек көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деген сенімде. Кинокомедия еліміздегі «Kinopark-Kinoplexx» кинотеатрлар желісінде 5 наурыздан бастап көрсетіле бастайды.
Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев