«Хабар» Агенттігі мектеп мұғалімдерінің жәрдемақы алуларына ұйытқы болды
Нақты айтқанда, 2018-2019 жылдары өңірдегі ұстаздарға 300 миллион теңге төленбеген. Заңды берілуі тиіс қаржыны даулап, аймақтағы кәсіподақ ұйымының өкілдері талай табалдырықты тоздырған. Бірақ нәтиже болмады. Бұл мәселе біздің арнадан көрсетілген материалдан кейін ғана оң шешімін тапты.
Назгүл Қасенова, Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы:
-Мысалы, бір мөлшерлеме дегеніміз – 18 сағат. Ал кейбір мұғалімдер 20, 25 сағатпен жүруі мүмкін. Міне осындай жүктемелері бар адамдарға еңбегіне сай сауықтыру жәрдемақысы төлену керек. Ал бұған көңіл бөлмей, көбінесе тек 18 сағаттық жалаң жүктемеге ғана төленіп келеді.
Жалаң жүктемеге ғана ақы төленіп келгенін ұстаздар да толық білмеген. Әрбір сағаттың ақысы ай сайын берілгенімен, кезекті еңбек дамалысына шыққанда артық сағаттың ақшасы саналмаған.
Марина Искандарова Өскемендегі орта мектептердің бірінде өзінің негізі жұмысынан тыс қосымша тағы екі қызмет атқарған. Алайда жалақы да, еңбек демалысына да бір ғана төлем алып келген. Ал қосымша атқарған жұмысы үшін ақы берілмеген.
Марина Искандарова, мұғалім:
-Ұйымдастырушы педагог ретінде істеген жұмысым үшін еңбекақы төленген емес. Мен тек оқу ісінің меңгерушісі болдым. Негізгі жұмысым сол болды. Сәйкесінше сол үшін ғана еңбекақы алдым. Шын мәнінде 3 түрлі қызмет атқардым.
Үш түрлі қызмет атқарса, еңбек демалысына шыққанда, соған сәйкес сауықтыру ақысы да төленетіні туралы мұғалім мен салалық кәсіподақ ұйымы арасындағы қосымша келісімде нақты көрсетілген. Сондықтан кәсіподақ өкілдері қаржының төленуін талап етіп, Облыстық білім басқармасына қажетті құжаттың бәрін ұсынады. Бірақ нәтиже болмайды.
«Хабардың» эфирінен өткен материалдан соң Мәжіліс депутаттары да мәселеге араласады. Өңірдегі салалық кәсіподақ ұйымының өкілі Иван Соколовтың айтуынша, аймақтағы атқарушы билік ұсатаздар алдындағы бершегін өтеді.
Иван Соколов, Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілі:
-«Хабардың» көмегі ерекше болды. Мұғалімдердің адал атқарған еңбегінің бағаланбай отырғанын бүкіл республика көрді. Эфирдегі сюжеттен соң Мәжіліс депуттары да мәселеге араласты. Осылайша 300 миллион теңге шамасындағы қарыз мұғалімдерге толық төленді.
Толық төленуіне негізінен кәсіподақ ұйымы ұйытқы болды. Нәтижесінде аймақтағы атқарушы билік соңғы екі жылда жинақталған қарызды түгел өтеді.
Авторлар: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин