Алматыдағы құрылыс краны апатының себебі анықталды
Қайғылы оқиға бүгін күндіз Науаи көшесінің бойында «РАМС» компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешенінде тіркелді. Мұнаралы кранды тәжірибелі маман 49 жастағы Бақыт Маинов басқарған.
Оқиға орнында болған әріптестерінің айтуынша, бұл нысанда қауіпсіздік ережелері мүлде ескерілмеген. Кранның жарамдылығы да уақытылы тексерілмейтін көрінеді. Құрылыстағы осындай салғырттық салдарынан кранның құрылымында ақау пайда болып, арты кісі өліміне алып келген. Мұны қала әкімдігі де растады. Осы оқиғаға байланысты қазір Әуезов аудандық полиция басқармасының мамандары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Айгүл Файзоллаева, кран басқарушы:
- «Комиссиямыз» деп келеді, бірақ кран тексеріп жатқан бір комиссияны көріп жатқан жоқпыз. Келіп сыртын түсіреді. «Сырты – бүтін, іші – түтін» деген сөз бар ғой. Осы кранымыз биікте тұрған. Соған комиссиялар дұрыстап қараса екен деймін. Ескі крандарды қабылдамай, қауіп төндірмейтіндей жаңадан крандарды құрып берсе екен. Міне, қаншама бала-шағасы бар әріптесім марқұм болып отыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Бұл дерек ҚР ҚК 277-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлаймыз. Оған Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр.