100 миллион теңгенің алтын бұйымдарын ұрлаған күдікті ұсталды
Қылмыс 12-ші тамызға қараған түні жасалған. Қарақшы базардың алтын сататын қатарына түнде кіріп кеткен екен. Осылайша сегіз сауда орнының сөрелерін сындырып, бағалы заттарды қолды қылған. Қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы құрылып, базардағы бейне-бақылау жүйелеріне талдау жасалды.
«Күдіктінің жеке басы бірден анықталды. Ол 35 жастағы азамат болып шықты. Қонаев қаласындағы қонақүйлердің бірінде қолға түсті. Шамасы сол жерде уақыт өткізуді жоспарлаған көрінеді», – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Дархан Мұсанов.
Ал ұрланған алтынды қала шетіндегі шөл далаға жасырған. Заттай айғақтар тәркіленді. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.