Жетісу облысында перзентхана ғимараты жаңартылып жатыр

  • 4
  • 12.10.2026, 18:46

Біздің басты бағдарымыз айқын. Бұл – «Заң мен тәртіп» қағидаты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» кітабында жазған. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстың бірі - елге қайтарылған активтер есебінен өңірлерде әлеуметтік нысандар салу. Қазір Жетісу облысы, Жаркент қаласындағы перзентхана жөнделіп жатыр. Соңғы 20 жылдан бері жөнделмеген ғимаратты жаңарту нәтижесінде бірнеше күрмеулі мәселе шешімін тапты.

Жаркент қаласындағы перзентханада жылына 3 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Қазір нысан бастан аяқ жаңартылып жатыр. Себебі 20 жыл бұрын пайдалануға берілген мекеме бұған дейін бірде-бір рет жөндеу көрмеген.

Аида Тұрғанова, Панфилов ауданының тұрғыны:

 - Соңғы рет 2010 жылы келгенмін. Ұл босанғанмын. Ол кезде кішкене ескілеу еді іші. Бұйырса, енді одан да күштірек болып, төсек-орын барлығына реттеп, жөндеп берсе жақсы болар еді.

Мердігер мекеме өкілдері құрылысты былтыр бастады. Тоғыз айда олар тиісті жұмыстың басым бөлігін аяқтаған. Қазір қосалқы ғимаратты жасауға  күш салып жатыр.

Бейбіт Әшімов, мердігер мекеме өкілі:

- Қазір үшінші этаждың монолитін құямыз. Астынан бастап жертөледен бастап кірпіш қалау, әрлеу жұмыстарын бастаймыз. Бұрынғы көлемі 6348 шаршы метр болған. Қазіргі салынып жатқан ғимаратпен 11854 шаршы метр болады. Сонда 5371 шаршы метр қосылады. 

Перзентханаға жеке жылыту қазандығы орнатылып, инфроқұрылымдық  желілері жаңартылады. Құрылысты жыл соңында аяқтап, шекаралы аймақ тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуына жағдай жасау көзделген. Осы мақсатта қажетті мамандар жұмысқа алынып, кардиохирургия мен аритмология, нейроинсульттік және науқастарды оңалтуға арналған бөлімдер ашылады. 

Айдын Елікбаев, Панфилов аудандық ауруханасының директоры:

- Инсультпен және жүрек-қан тамырлары ауруларымен көп науқас болады. Соларды облыс орталықтарға апармай, ангиографтың көмегімен диагностика және емдеу шараларын жүргізуге болады.

Жетісу облысында қайтарылған актив есебінінен 3 жылда 21 әлеуметтік нысан салынды. Тағы сегізінің құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев