Ақмола облысында қазақ тілін меңгерген өзге этнос өкілдері көбейді

  • 6
  • 12.10.2026, 18:50

Ақмола облысында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдері көбейді. Олардың арасында жастардың үлесі басым. Бүгінде олар түрлі салада еңбек етеді. Талапты жастар: «Мемлекеттік тілде еркін сөйлеу, жұмысымызды жеңілдетеді», - дейді.

Яна Штаутынгер Көкшетаудағы шаштараздардың бірінде жұмыс істейді. Неміс қызы қазақ ауылында өсіп, тәрбиеленген. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Бірақ Яна ұстаздық жолды емес, өзінің сүйікті ісі шаш алуды таңдаған. Қазақ тілін жетік білгесін тұтынушылармен де еркін сөйлесіп, тез арада тіл табысады. 

Яна Штаутынгер, шаштараз:

- Көкшетауда қазақ көп. Қазақша сөйлеген ыңғайлы, жақсы болады. Клиенттердің әр сұранысын білеміз. Сосын мысалы, орысша білмейтін Шымкенттен келгендер болады. Сол жақта қазақша сөйлегенім жақсы. Көбіне мен қазақша сөйлеймін. Орысша сөйлегенде кейде қиналамын. 

Ал әріптесіміз Евгений Варанкин мектепті орысша тәмәмдаған. Кейін мемлекеттік тілді меңгеру үшін қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқыпты. Нәтижесі де жаман емес. Қазір әмбебап тілші үш тілде еркін сөйлейді. 20 жылға жуық мектепте қазақ тілінінен сабақ берген. Ал соңғы үш жылда жергілікті телеарнада тілшілік қызмет атқарады. Бір ерекшелігі – жаңалықты тек мемлекеттік тілде таратады. 

Евгений Варанкин, телеарна тілшісі:

- Басында ең бірінші келген күндері текстердің бәрін орыс тілінде жаздым. Одан кейін қазақ тіліне аудардым. Бірақ одан кейін бір-екі айда үйреніп алдым. Қазіргі қоғамда менің ойымша, Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ тілін білу өте маңызды деп ойлаймын. 

Жалпы аймақта қазақтың тілі мен дәстүрін терең меңгерген өзге этнос өкілдері баршылық. Жыл санап олардың қатары көбейіп келеді. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрететін оқу орталықтарына сұраныс артқан. Қазір облыс бойынша осындай 21 орталық жұмыс істейді. Соңғы уақытта мұндағы мамандар оқу бағдарламасын өзгертіп, жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға көшкен. 

Қуаныш Қажиахметов, облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

-  Жылына бес семинар өткіземіз. Семинарлардың мақсаты – оқытушыларымыздың жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект пен AI қосымшаларын меңгеруіне көмектесу және оларды тиімді қолдану жолдарын үйрету. Өйткені біз ересектерге білім береміз. Сондықтан олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыруымыз керек. Бұл ретте заманауи қосымшалардың мүмкіндіктері мол.

Қазір өңірдегі оқыту орталықтарында 4 мыңға жуық адам білім алып жатыр. Соның екі мыңнан астамы – өзге этнос өкілі. 

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный