Жылу ақысын азайтудың жолы: есептегіш орнату қаншалықты тиімді?

  • 4
  • 12.10.2026, 18:46

Еліміздің басым бөлігінде жылыту маусымы басталып кетті. Бұл коммуналдық төлемдердің де артуы мүмкін деген сөз. Дегенмен шығынды азайтуға болады. Сарапшылар ол үшін жылу есептегіш құралдарын орнатып, ғимаратқа энергетикалық аудит жүргізуді ұсынады. Сонда төлемді ғимараттың ауданына қарай емес, нақты тұтынылған жылу көлеміне сәйкес есептеуге мүмкіндік туады.

Энергия үнемдеу мәселесі Қазақстан үшін жаңа бағыт емес. Арнайы заң 2012 жылдан бері қолданыста. Алайда арада он жылдан астам уақыт өтсе де, бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Экономика өзгерді, энергия тұтыну көлемі артты. Ал инфрақұрылымның бір бөлігі әлі де ескі. Қазір бұл мәселені кезең-кезеңімен, кешенді түрде шешу көзделіп отыр.

Қазақстанда жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 2024 жылы 52 пайызды құрады. Жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін төмендеді. Ал биыл 48 пайызға жетуі тиіс. 2029 жылға қарай тозу деңгейін 42 пайызға дейін азайту жоспарланған. Мемлекет пен жылу өндіруші кәсіпорындар инфрақұрылымды жаңғыртуға кірісті. Ендігі міндет - тұтынушылардың да жылуды тиімді пайдалануына жағдай жасау.

Бауыржан Смағұлов, «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Біріншіден, үйге энергетикалық аудит жүргізіп, әлсіз тұстарын анықтау қажет. Мәселен, шатырдың жағдайы қандай, терезелер дұрыс әйнектелген бе? Осының бәрін тексеру керек. Өйткені қаншама еңбекпен ғимартқа жеткізілген жылудың бір бөлігі сыртқа кетіп жатқан болуы мүмкін.

Сергей Агафонов, Қазақстанның энергиямен жабдықтау ұйымдары қауымдастығының төрағасы:

- Әлемнің көптеген елдерінде жылуды арнайы реттегіштердің көмегімен басқарады. Яғни ақылды жүйе ғимаратқа жеткілікті мөлшерде ғана жылу береді. Ал бізде ол инфрақұрылым жеткіліксіз болғандықтан пәтер көп жағдайда ысып кетеді. Артық жылуды әлі күнге терезені ашып-жабу арқылы реттейміз.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда екі түрлі шығын туындайды. Біріншіден, жылу артық өндіріледі. Екіншіден, ғимаратқа берілген жылудың бір бөлігі сыртқа шығын болады. Ал тұтынушы бұл энергия үшін де ақы төлейді. Автоматтандырылған жылу пункттерін орнату арқылы мәселені шешуге болады. Мұндай жүйе сыртқы ауа температурасына қарай ғимаратқа берілетін жылу көлемін реттейді.

Бауыржан Смағұлов, «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Егер есептегіш үйге орнатылған болса, тариф мысалы, шартты түрде 4 мың теңге. Ал есептегіш орнатылмаған жағдайда, шамамен 8 мың теңге төлейді. Сондықтан бұл есептегіштерді орнату мәселесі қазір өте өзекті. Ақылды есептегіштер болуы керек. Өйткені сонда нақты картина қалыптасады.

Кей сарапшылар жылу реттегіш құрылғылардың тым қымбат екенін алға тартады. Оның жалпы қолданысқа енбей жатқандығы осыған байланысаты. Барлық тараптың мүддесін ескеру үшін қазір Құрылтайда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға қатысты екі заң жобасы қаралып жатыр. Негізгі мақсат – энергияны тиімді пайдалану, шығынды азайту және тұтынушыларды үнемдеуге ынталандыратын жүйе қалыптастыру.

Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов