Түркияда жер асты дүмпулері тоқтамай тұр
Таңғы 7,7 балдық зілзаладан кейін түсте тағы да 7,6 балдық жер сілкінісі болды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасы жер сілкінісің қуаты - 7,4 балл емес, 7,7 балл болғанын айтады. Таңнан бері жер асты дүмпулері кемінде 150 рет қайталанған. Соңғысы 2,5 сағат бұрын 7,6 баллдық болды. Оның ошағы - Кахраманмараштың Элбистан ауданы. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, зілзаланың салдарынан Шығыс Ақтеңіздегі 10 провинцияда 3 мыңдай ғимарат қирады. Әлі қанша адам үйінді астында жатқаны белгісіз. Соңғы мәлімет бойынша, қаза болғандардың саны - 1000-нан асты. Аймақта табиғи газ беру уақытша тоқтатылды. Мектептер жабық тұр. Мәдени және спорттық шаралар кейінге қалдырылды. Түрік армиясы «әуе жәрдемі дәлізін» құрды. Аймаққа гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жер сілкінісін соңғы 100 жылдағы ең ірі апаттардың бірі деп бағалады.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Бүгінгі жер сілкінісі - 1939 жылғы Эрзинжан жер сілкінісінен кейінгі ең үлкен апат. Халықаралық көмек үшін байланыс орнатыла бастады. НАТО мен Еуроодақтан бөлек, 45 ел көмек ұсынып отыр.
Іздеу-құтқару операциясы таңнан бері тоқтаған жоқ. Жаңа ғана 5 жасар қыздың 7 сағаттан кейін дін аман құтқарылғанын естіп, қуандық. Жалпы жергілікті билік жеке көлікті қолданбауға, ұялы телефон операторын емес, интернетті қолдануға кеңес беріп отыр. Себебі ұялы телефон операторы арқылы үй астында қалғандарды анықталып жатыр. Жер сілкінісі аймағындағылардың бір бөлігі - шалғай ауылдарға кетсе, қалғаны уақытша баспаналарға орналастырылған. Солардың бірі - қандасымыз Айгүн Қазбек.
Айгүн Қазбек, Адана қаласының тұрғыны:
- Аданадағы жер сілкісінен кейін ұйқым шайдай ашылып, әйелім мен қызымды алып жатын бөлмедегі үстелдің астына тығылдық. Үйіміз 12 қабатта болғандықтан, қатты сезілді. Тез арада құжаттарымыз бен көрпемізді алып, жеделсаты арқылы төменге түстік. Қатемізді кейін түсіндік. Қазір қалаға 15 шақырым қашықтықтағы ауылға келдік. Жағдайдың қалыпқа келуін күтіп отырмыз. Аданада мен білетін 11 тұрғын үй құлады. Оның біреуінде әріптесімнің отбасы тұратын еді. Туған-туыстарымыз аман.
Кахраманмараштың Пазаржык ауданында сағат 04:17-де болған 7,4 баллдық жер сілкінісі Сирия, Мысыр, Ливан, Солтүстік Кипр, Грекия және Иракта да сезілді. Сириядағы жер сілкінісінен 574 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды. Елдің солтүстігінде төтенше жағдай жарияланды.