Қостанайлық өрт сөндірушілер 10-нан аса үйді өрттен қорғап қалды
Тұрғын үй алабының маңындағы 2 гектар жердегі шөп пен қамысты қызыл жалын жайлаған еді. Өртті сөндіру кезінде 35 адам қауіпсіз аймаққа шығарылды. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жалынның бетін қайтару үшін жерді қазып, су төгу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жеке секторға бағыт алған өрт тоқтады. Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ. Өртті ауыздықтау үшін өрт сөндірушілер 3 сағат арпалысты. Қазірдің өзінде сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. 9 техника мен 35 құтқарушы әлі оқиға орнында.
Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы:
- Өрт кезінде ешқандай тұрғын зардап шеккен жоқ. Желдің қатты болуына байланысты Шипин көшесіне өрт өтіп кетуі мүмкін еді. Сондықтан ондағы тұрғындарды жедел эвакуацияладық. Біздің жігіттер 15-20 минут ішінде сол маңдағы қауіптің алдын алып, тұрғындар үйлеріне қайта оралды.