Қарағандыда қатты дауылдан екі бала жарақат алды
Қарағанды қаласының Көгілдір тоғандары шағын ауданында қатты жел екпіні балалар алаңындағы көгалды ойнап жүрген екі баламен бірге ұшырып әкетті. Оқыс оқиға сағат 14:00 шамасында болған. Балалар ауруханаға жеткізілді. «Бірінің миы шайқалған, бас сүйегі және қолы сынған», - дейді дәрігерлер. Екіншісінің миы шайқалып, қабырғасы көгерген, ол да ауруханада ем қабылдап жатыр. Қала әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, аталмыш ойын алаңы әлі пайдалануға берілмеген. Дауыл сондай-ақ бірнеше ағашты сындырып, қаладағы оқу орнының бірінің шатырын ұшырып әкетті.
Досбол Күлекеев, Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі:
- Мердігерлер жасанды көгалға спорт құрылғыларын орнататын болған соң жиегін бекітпеген. Жоспар бойынша жұмыс екінші жартыжылдықта аяқталып, тапсырылуы тиіс еді. Ал неліктен ол жерде қауіпсіздік шаралары ескерілмеді, арнайы белгі қойылып, таспа тартылмады. Оны құзырлы органдар тексеретін болады.