ТЖМ басшысы: Шахтадағы апатқа жұмыс беруші кінәлі
Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында болған апатқа 100% жұмыс беруші тарап кінәлі. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов осылай деді.
Үкіметтік комиссия қорытындысына сәйкес, кеніштен өрескел техникалық ақаулар мен қателіктер табылған. Жақында ғана ауыстырылған ленталар «жанғыш» болып шықты. Ал талап бойынша олар өртке төзімді болуы шарт.
Ленталы конвейердің жылжыту механизмі дұрыс жұмыс істемей, қатты үйкелістен өрт тұтанған. Әрі сертификаты болмаған. Яғни жұмыс беруші техникалық қауіпсіздікке салғырт қараған.
Еске салсақ, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, 5 адам көз жұмған еді. Қазір осы іске қатысы 28 адам анықталып, тергеліп жатыр. Оның екеуі Үндістан азаматы. Өртенген ленталарды сатып алу бойынша келіссөздерді солар жүргізген.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Көмірдің биіктігі роликтен асып түскен. Сол себепті роликтер айналмай қалған кезде лентаға үйкеліп, сол жерде көмір биіктігі жоғары болғаннан жылу энергиясы көмірге беріліп, сол жерден тұтанып жанған болатын. Көмір жанған соң әрі қарай лента да өртенген.