Ақмола облысында өрт жиілеп кетті
Жылыту маусымы басталғалы жүзден астам дерек тіркелді. Барлығы жеке сектордағы үйлерде болған. Мамандардың айтуынша, өртке себеп – үйдегі пештердегі ақау және электр сымдарының тұйықталуы. Тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Бір ғана Бурабай ауданының өзінде қыс басталғалы 50 астам үй өртенді. Қазір жергілікті сала мамандары халыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын күшейтті.
Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы нашар деген отбасыларға 300 астам көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғы орнатты. Алайда құзырлы орган өкілдері өрт қаупін тудырғаны үшін тұрғындарға ешқандай айыппұл сала алмайды. Сондықтан болар үй иелері көбіне олардың сөзіне құлақ аса бермейді.
Әсел Төлебаева, Щучинск қаласының тұрғыны:
- Осындай жағдайға тап болғаннан кейін-ақ бәрін түсініп жатырмыз. Әсіресе үйдегі пешке мұқият болу керек. Себебі кез келген адам менің орнымда болуы мүмкін. Иә, бір қуантарлығы ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ үйдегі жабдықтар жарамсыз болып қалды.
Қанат Бабаев, Бурабай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:
- Қазір күніне кем дегенде екі рет өрт дерегі тіркеліп жатыр. Кейде 3-4 рет шығамыз. Көп тұрғындар біздің әлеуметтік желілер мен теледидардағы ескертулерді елемейді. Қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Оның салдары осындай қайғылы жағдайға әкеледі.