Қостанай облысында боран кезінде жоғалған әже мен немеренің өлі денесі табылды
Қостанай облысында кешегі ақтүтек боран төртқабатты үйдің шатырын жұлып әкеткендігі табиғи сипаттағы төтенше жағдай деп танылды. Яғни келтірілген залал бюджет есебінен қалпына келтіріледі.
Бұдан бөлек тағы 3 үйдің, 15 білім беру мекемесінің ғимараты зақымданған. Ауа райының қолайсыздығынан кеше өңірде 165 елді мекен электр қуатынсыз қалды. Солардың бірқатарына жарық берілді. Қалған 49 ауылдың электр желісіндегі ақауды жөндеу жалғасып жатыр. Боранда жоғалған 68 жастағы кейуана мен оның 11 жастағы немересінің денесі табылды. Азық-түлік алуға шыққан олар үйлеріне жете алмаған.
Тілеуберді Нұрахметов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы:
- Олардың денелері тұрғылықты жерінде, өз үйінен шамамен 200 метр жерден табылды. Адасып, үсіп кеткен. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесі бойынша қандай да бір шешім шығарылады.