Оралдағы жарылыс: үшінші адамның денесі табылды
Орал қаласында кафеде болған жарылыстан кейін үйінді астынан үшінші адамның денесі табылды. Құтқарылған 6 азаматтың 4-еуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр, түрлі деңгейде жарақат алып, денелерін күйік шалған. Еске сала кетсек, түнгі 2-лер шамасында қаладағы «Ризық» дәмханасында жарылыс болды. Әуелі үйінді астынан екі адамның денесі табылып, 6 азамат құтқарылған. Олардың екеуі — Өзбекстан азаматы. Төтенше жағдай қызметінің мамандары: «Қиранды астында тағы адамдар болуы мүмкін»,— дейді.
Ерлан Тоқсанов, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бір адамы тексеріліп үйіне жіберілді амбулаториялық емге. Тағы бір адам бет және мойын тұсының күюімен травматологиялық бөлімшеге орналастырылды. Төртеуінде де өте қатты күйік шалған.
Тыныштық Жақыпов, қала тұрғыны:
- 2-лер шамасында қатты жарылыс болды. Мен мына жерде ұйықтап жатқам. Шошып кеттім де. Терезе шағылып түсті балкон мына жаққа қарай көріп тұрсыз ғой. Целлофанмен жауып қойдым. Машина жарылған екен деп ойладым. Қарасам кафе. 24 сағат істейтін халал кафе. Газ баллон жарылды деп естіп жатырмын.