Риддерде 28 үй су астында қалды
Оқыс жағдай Лениногор гидроэлектр станциясындағы суды ағызу кезінде болған. Мұндай шешім қабылдауға күннің күрт жылынуы да әсер еткен көрінеді. Су Громотуха өзенінің жағалауына жайылып, салдарынан биіктігі 15 метрге жететін мұзды төбешіктер пайда болған. Көктемде олар ерісе, жергілікті халыққа тағы да қауіп төндіруі мүмкін. Қазір су басқан үйлер қалпына келтіріліп жатыр. Шығын сараптама қорытындысы бойынша өтеледі. Ел шығысында көктемгі су тасқыны кезінде 50-ден астам елді мекенге қауіп төнуі ықтимал.
Иван Серов, Риддер қаласының тұрғыны:
-Мәселені шешуге жергілікті әкімдік араласуы керек деп ойлаймын. Қала сусыз қалуы мүмкін ғой. Бұл станция жекешелендіруге дейін су арнасының қарамағында болды. Соны қайтару керек сияқты.
Сергей Бородин, Риддер қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:
-Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Кінәлі тұлғаларды анықталып, жауапкершілікке тартылады. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін алдын алу шаралары қолға алынады. Өзен арнасын бұру жағын да ойластырамыз.