Қарағанды облысындағы жарылыс: 2 адамның денесі табылды
Қарағанды облысына қарасты Ботақара кентінде жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланды және залалды бағалау үшін арнайы комиссия құрылды. Еске салайық, бүгін түнгі 12:00 шамасында Ботақара кентіндегі 12 пәтерлі үйде газ баллоны жарылып, екі адам қаза тапты. 5 азамат ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы қалай? Зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіледі?
Бұл 2 қабатты тұрғын үй 2014 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға пайдалануға берілген. Ондағы 12 пәтердің біреуі ғана, тек сол жарылыс болған үй ғана жекеменшікте болған. Баспананың шаңырағы бір сәтте опырылып ортасына түскен. Шекер Уәлиева 10 жылдан бері көршілеріммен тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан едік дейді.
Шекер Уәлиева, Ботақара кентінің тұрғыны:
-Танимын, бәріміз көршіміз ғой. Алма мен Төлеген екеуі ерлі-зайыпты. Балалары бар. Бір ұлы болған, үш немересі бар. Келіні бар. Қазір олар ауруханада шығар
Апат болған кезде мұнда 35 адам болған. Баспананың бел ортасындағы пәтерлер қатты зардап шеккен.
ТЖ мамандарының сөзінше, мына 2 қабатты үйдің дәл ортасындағы үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Осы кезде тұрмыстық газ баллоны жылысын деп пештің жанына қойып қояды. Алдын-ала болжам бойынша сол газ баллоны жарылған. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан екі азамат ауыр жарақаттанған болса, бірінші қабаттағы ерлі-зайыптылар өкінішке қарай қаза тапты.
Ал зардап шеккен бес адамның үшеуі ауруханада жатыр, екеуі амбулаторлық ем қабылдауда. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан екі ер адам Өзбекстан Республикасының азаматтары болған. «Қазір біреуінің жағдайы аса ауыр»,— дейді дәрігерлер.
Бибігүл Төлегенова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Екі ересек науқас Бұқар жырау ауданында стационарлық ем алуда. Олардың ең көп зардап шеккені 80% күйік шалды. Оның жағдайы өте ауыр. Екінші науқас 26% күйік алды, жағдайы ауыр бірақ тұрақты. Зардап шеккен бала санавяция арқылы ОБКА ауырлығы орташа дәрежеде жеткізілді. Қазір реанимация бөлімшесінде. Бүкіл медициналық көмек толық көрсетілуде.
Бұл аудан осыдан 10 жыл бұрын бой көтере бастаған. 2 қабатты үйдегі 12 пәтердің 10-ы орталық жылу жүйесіне қосылған. «Апат болған үй иесі де жүйеге қосылу үшін кезекте тұрған»,— дейді аудан әкімі.
Абылай Сұлтанғали, Бұқар жырау ауданының әкімі:
- Қазіргі таңда біз ол кісілерге жалдамалы үй мәселесін шешіп береміз, әрі қарай толығымен шешеміз. Ол біріншіден мына үйді мамандары сараптамалық жұмысын жүргізу керек. Бұл жерде әлеуметтік жағдайы төмен әр санаттағыларға салынған үй, сол себепті сол санаттағыларға ғана беріледі.
ТЖ негізінде қылмыстық іс қозғалды. Алдын-ала болжам бойынша, 27 литрлік пропан газы қауіпсіздік техникасын сақтамау салдарынан жарылған.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.