Көктемгі тасқын салдарынан 300-ге жуық үй су астында қалды
Қазір бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланып, жедел әрекет ету штабтары жұмыс істеп жатыр. Ал шығын көлемін арнайы комиссия анықтайды. Жергілікті билік өкілдері хабарлағандай, зардап шеккендерге мемлекет тарапынан өтемақы төленеді.
Көкшетауда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Қалада Қылшақты өзені тасып, жер үйлер мен бір балабақшаны су басты. Сонымен қатар 10-нан астам көпқабатты үйдің ауласы көлкіп тұр. Кешелі бері эвакуациялық пунктерге 100-ден астам адам жеткізілді. Құтқарушыларға курсанттар мен еріктілер де көмектесіп жатыр. Тасқынның алдын алу үшін Тараздан да қосымша күш пен техника тартылған. Шығын көлемін комиссия анықтайды.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Егер судын көлемі тағы ұлғаятын болса, бізге қосымша инертті материал мен техника керек. Қазір бізде үш қауіпті жер бар. Судын екпінін тоқтатып ғана сору жұмыстарына кірісеміз. Тағы да су келіп қалу қаупі бар.
Ақтөбеде де төтенше жағдай жарияланды. Мамандардың айтуынша, әзірге Сазды және Ақтөбе су қоймалары тола қойған жоқ. Қазір құтқарушылар Елек өзенінің бойындағы саяжай тұрғындарын көшіріп жатыр. Қаладағы 22 мектепке 1,5 мыңға жуық адам жайғастырылған. Оларға жан-жақтан көмек келіп жатыр.
Әлішер Сарыбаев, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:
- 1413 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 623 бала. Уақытша орналастыру пунктерінде барлық қажетті заттар, азық-түлік өнімдері бәрі бүкіл затпен қамтылған.
Ал Қостанай облысында тасқынның беті қайтып келеді. «Аманкелді ауданында жиналған қарғын судың денгейі 10 сантиметрге төмендеген. Бірақ әлі қауіп сейілген жоқ», - дейді мамандар. Өйткені іргеден өтетін Жалдама өзені арнасынан асып, таситын болса, ауылға жайылуы мүмкін.
Жалпы Аманкелді ауданы бойынша 12 ауыл, қыстақ еріген қар суының құрсауында қалды. Кешелі бері тікұшақ, қайықпен 100-ден астам адам құтқарылды. Аудан орталығындағы мектеп интернатта эвакуациялық пункт ашылған. Су басқан Қызылжұлдыз ауылының оқушылары Арқалықта, ал Көлқамыс ауылының оқушылары Албарбөгет мектебінде білім алады. Тасқыннан зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсетуге 300 жуық ерікті тартылған.
Айбек Таңатбаев, волонтёр:
- Кешелі, бүгінді ғана облыстық мешіттің ұйымдастыруымен екі газель азық-түлік келіп жетті. Оған дейін көптеген инертті құралдар, күрек, қапшық, қолғаптар келіп жатса, оның қатары кейін су тасқынынан зардап шеккендер тұрғындардың аяқтарына етіктер, қолғаптар, жылы көрпе жастықтар келіп жатыр.
Петропавлда соңғы бір тәуліктің ішінде iKomek біріңғай байланыс орталығына 100-ден астам қоңырау шалынды. Қала бойынша 12 үйге қарғын су астында қалды.
Әсем Айтұлова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі таңда қала бойынша 100-ден астам адам жұмылдырылған. 60 арнайы техника мен 40 мотопомпа осы қала бойынша жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың бәрі тәулік бойы жүргізіледі. Қоңыраулар да тәулік бойы қабылданады.
Көрші Ресей елінде де жағдай мәз емес. Орынбор облысында еріген қар суынан Орал өзені көтерілді. Ал ол шекаралас Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына қауіп төндіріп тұр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазір еліміз бойынша апаттық-құтқару жұмыстарына 4 мың адам мен 1300 арнайы техника жұмылдырылған. Олар тасқын қаупі толық сейілмейінше жұмыс істейді. Ал топан судың ортасында қалған тұрғындарға тікұшақтар тартылады. Зардап шеккендерге өтемақы төленеді.
Аймақтағы тілшілердің көмегімен Айдарбек Айтмұхамбетұлы