Қостанай облысында тағы үш аумақта төтенше жағдай жарияланды
Қостанай облысында соңғы тәулікте екі аудан мен бір қалада жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланды. Оған себеп – Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларынан жіберіліп жатқан судың еселеп артқандығы. Соған байланысты Тобыл өзенінің денгейі көтеріліп, жағалауға жақын елді мекендерге қауіп төнді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов осы аумақтарды аралап, тұрғындармен жүздесті.
Қостанай қаласындағы көпірдің тұсында бірнеше жерден Тобыл өзенінің мұзы жарылды. Экскавторлар ағыс жолын үздіксіз аршып отырды. Төтенше жағдай қызметкерлері, әскерилер, еріктілер жұмылып, жағалауға жақын үйлердің маңында құм-саздан тосқауыл тұрғызды.
Қауіп Қаратомар су қоймасынан күтіліп отыр. Ол жақтан секундына мың текше метр су жіберілсе, бүгін 2 мың 500-ге жетті. Бұрын соңды болмаған нөпір су бүкіл сай-саланы толтырып, шет жақтағы саяжайларға енді. Және ол мұнымен тоқтамақ емес.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Қазір Қаратомарға секундына 3 мың 250 текше метр су құйылып жатыр. Қойма лық толы. Түстен кейін тағы бір қақпақ ашылып, өзен арнасымен секундына 2 мың 600 текше метр су жіберіле бастады. Шарықтау шегі түн жарымына қарай болады деп күтіп отырмыз. Ертең де жалғасуы мүмкін.
Осыған байланысты өзеннің ар жақ және бер жақ бетіндегі Қостанай мен Тобыл қаласының шеткі көше тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Кешелі бері барлығы мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Сапар барысында Төтенше жағдайлар министрі сол уақытша қоныстану пунктіндегі жұртшылықпен жүздесті.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Табиғи апаттың зардабын тез арада жоюға тырысамыз. Әрине, әлі қауіп сейілген жоқ. Соған қарамастан, қысқа мерзімде үйлеріңізге оралуға барынша күш саламыз.
Валентина Шабурова Тобыл қаласының тұрғыны:
- Үйімізді су басу қаупі туындағандықтан, кеше осында келдік. Төсек-орынды дайындап қойыпты. Тамақтандырды. Қан қысымымды өлшеп кетті. «Дәрі-дәрмек керек жоқ па», деп сұрап, жағдайымызды барынша жасап жатыр.
Жедел штаб отырысында қандай бір тосын жағдайға жол бермеу үшін адамдарды эвакуациялау, мал-мүлікті аман алып қалу жұмыстары жалғасатындығы айтылды.
Ал Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бұл мақсатқа күш-құрылымда, қаржы да жеткілікті деп түйіндеді.
Мағауия Қалиев Ермек Мұхамедияров