Хабар телеарнасы

Жетісу облысында 366 адамды кене шаққан. Өңір жаңалықтары

Алматы облысында туристер мінген автобус аударылып, 25 адам зардап шекті.

Көлік Кеген ауданындағы «Аласа» асуында  жолдың шетіне шығып кеткен. Түрлі жарақат алған 5 адам сол ауданның ауруханасына жеткізілді. Тағы 16 турист Жалаңаш дәрігерлік амбулаториясына, 4 адам Шелек аудандық ауруханасына жатқызылды.

Зардап шеккендердің жағдайы қанағаттанарлық. Қазір апат себебі анықталып жатыр.

Жетісу облысында биылғы төрт айда 366 адамды кене шаққан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 23 жағдайға көп. Зиянкес жәндіктен жапа шеккендердің тең жартысынан астамы 14 жасқа дейінгі балалар.

Шағымданғандардың 90%-і дәрігерге қаралып, оларға иммуноглобулин егілген.

Атырау облысында 10 тонна балық тәркіленді

«Бекіре – 2024» акциясы кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары мен құзырлы органдар өкілдері 800-ден аса заңбұзушылықты анықтап, 541 адам жауапқа тартылды.

Браконьерлік бойынша 64 қылмыстық іс қозғалып, заңсыз балық аулағандарға 15 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 10 тоннадан астам балық пен 143 ау құралы және 37 су көлігі тәркіленді.

Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған қаруды полицияға өткізген.

Тұрғынның сөзінше, Маузер маркалы неміс мылтығын атасы соғыс алаңынан естелік ретінде алып келген.

Жалпы қару-жарақты сатып алу акциясы аясында тұрғындар өз еркімен 101 қару өткізген. Ал оған өтемақы ретінде 10 млн теңгеден аса қаражат бөлінді.

Маңғыстау облысында 8 сарбаз білім грантын иеленді.

Мерзімді әскери қызметті аяқтаған жастар өзі таңдаған жоғары оқу орнында тегін білім алады. Әскери бөлім басшылығы үміткерлерді іріктеу кезінде сарбаздардың жауынгерлік даярлығы, тәртібі мен психологиялық жағдайын ескерген.

Айта кетсек, былтыр өңірде дәл осындай білім грантына үш жауынгер лайық деп танылды.