Хабар телеарнасы

Алматыдағы автобус апаты: бір адам қаза тапты

Алматыда қоғамдық автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 25 адам жарақат алды. Өкінішке қарай бір адам жедел жәрдем жеткенше, оқиға орнында мерт болды.

Сауда орталығының автотұрағынан шыққан жеңіл көлік автобусты бүйірден кеп ұрған. Соның кесірінен қоғамдық көлік жүргізуші тізгінге ие бола алмай, дүкенге соғылады.

Қазір 3 адам амбулаторлық емге жіберіліп, 22 жолаушы ауруханаға жатқызылды. Жағдайлары орташа. Зардап шеккендердің арасында 14, 15 және 16 жастағы үш жасөспірім бар. Олардың жағдайы да орташа ауыр. Бір баланың тізесі мен іші көгерген, екіншісінің мұрын сүйегі, ал үшіншісінің аяғы сынған. Барлық науқасқа қажетті ем жасалып жатыр. Көлік апатына қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Кia көлігін тізгіндеген жүргізуші жас, 96 жылғы туылған. Мақатаев көшесімен оңтүстікке қарай кесіп өтпек болған кезде Мақатаев көшесімен шығысқа қарай бет алып бара жатқан автобуспен соқтығысты. Қазіргі таңда адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 345 бабының 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды.