Хабар телеарнасы

Аягөздегі өрт: бірқатар елді мекен жарықсыз қалды

Абай облысының Аягөз ауданында трансформатор өртеніп, Аягөз, Үржар және Мақаншы ауданының халқы жарықсыз қалды.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері түнгі сағат 1-лер шамасында өртті толық сөндірген. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Қазір электр қуаты уақытша баламалы көздерден қосылған. Бірақ Аягөз ауданы мен Мамырсу ауылында 9 жарым мың адам әлі жарықсыз отыр.

Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен әкімдік өкілдерінен 40-қа жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жергілікті билік өкілдері аудандағы 6 қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Облыс әкімінің орынбасары кешкі сағат 21:00-ге дейін тұрғындар түгелдей жарықпен қамтылады, - деп сендірді.

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- «Т1» трансформаторының ішіндегі электр желілері жанған деген болжам бар. Бұл нысан негізінен Аягөз қаласын электр қуатымен қамтиды. Қауіпсіздік үшін Үржар, Мақаншы аудандарында жарық өшірілді. Т2 трансформаторы жанған жоқ. Өрт сөнідірілген соң түнгі сағат 2 жарымдар шамасында «Южная» қосалқы станциясынан жарық берілді. Қазір 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.