Ақтаудағы ұшақ апаты: 5 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Ұшақ апатына қатысты құтқару қызметі іздеу жұмыстарын аяқтады. Апаттан аман қалған 29 адамның 20-на дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр. Оның бесеуі жансақтау бөлімінде. Біреуінің жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Жәрдемдесу үшін Астанадан білікті дәрігерлер барды. Жалпы бұл апат 38 адамның өмірін қиды.
Төтенше жағдайлар министрлігі қаза тапқан қазақстандықтардың есімін жариялады. Олар - Сәндібек Төлесінов, Бауыржан Жұмағұлов, Галина Махсудова, Гаухар Шаймерденова, Эльдар Жұмағат және Салима Джутаева.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, опат болған қазақстандықтардың төртеуі – Маңғыстау облысының тұрғыны, біреуі - Қостанай облысының тумасы және біреуі елорда тұрғыны. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.