Хабар телеарнасы

Ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың отбасына көмек беріледі

Маңғыстау облысында ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетіледі. Күні кеше Ақтауға барған Үкіметтік комиссия мүшелерінің штаб отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша тапсырма берді. Әуе апатынан қайтыс болған шетел азаматтарының жақындарына да қажетті көмек көрсетіледі. 

25 желтоқсан, сағат күндізгі 11 шамасы. Сайын Шапағатов ауылының іргесінде электр желілерін жөндеп жатқан жұмысшылар төменге құлдилаған ұшақты көреді. Кадрде ұшқыштардың әуе көлігін биіктікке көтеруге бірнеше рет талпынғаны анық байқалады. Алайда борт елді мекеннен 3 шақырым жерде құлады. Ұшақта болған 67 адамның 29-ы аман қалды. Қайтыс болғандар тізіміндегі алты жолаушының үшеуі - Маңғыстау, біреуі - Қостанай, енді бірі - Астана тұрғыны.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтау маңында болған ұшақ апатынан астаналық 11 жастағы Эльдар Жұмағат пен оның анасы Гауһар Шаймерденова қаза тапты. Ал бақилық болған қостанайлық әйелдің 28 жаста екені белгілі болды. Тағы үш жолаушы Маңғыстау облысының тұрғыны. Бірі 45 жастағы ақтаулық әйел, қалғаны 35 және 38 жастағы ер адам. Олар Жаңаөзен қаласының тумалары.

Ұшақ апатынан аман қалған 29 адам кеше жедел жәрдем көлігімен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген болатын. Түнде 8 ересек адам мен бір қыз бала Ресейден келген санитарлық ұшақпен еліне оралды. Қазіргі кезде 20 науқасқа қажетті ем көрсетіліп жатыр. Соның жетеуі ауыр хәлде.

Жанар Сыдыққызы, облыстық көпбейінді аурухананың бөлім басшысы: 

- Қазіргі таңда біздің ауруханада жалпы жансақтау орталығында 7 науқас жатыр. Ал қалған науқастар бөлімшеге жайғастырылған. Ал балалар ауруханасында 1 бала, ол да жансақтау орталығында жатыр.

Аурухананың қабылдау бөлімінде дәрігерлерден хабар күткендердің арасында Әзербайжан диаспорасының өкілдері де бар. Расим есімді азаматқа Бакуден таныстары хабарласып, ұшақ апатынан зардап шеккен жақындары туралы хабар біліп беруді сұраған.

Расим Гаджиев, қала тұрғыны:

- Маған ауылдастарым хабарласты. Ақтау ауруханасында жатқан науқастар туралы естіген ақпарды ол кісілерге хабарладым. Зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынмын.

Халиса Худойкулова, қала тұрғыны: 

- 13 жастағы бала – менің отбасыма жақын адамның бірі. Оның ата-анасымен Әзербайжан елінде талай рет кездесіп, өте жақсы араластық. Апатты естіген бойда әкесі мен оның ағасы Ақтауға келді. Қазіргі кезде баланының денесін іздестіріп жатырмыз.

Әзербайжан лайнері құлаған жерде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай енгізілді. Апат салдарын жоюға 306 маман, 101 техника тартылды. Қазір ұшақты бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетсек, Астанадағы командалық орталықта және Маңғыстау облысының Төтенше жағдай департаментінде жедел желі жұмыс істеп тұр. Кешелі бері оған бір мыңнан астам адам хабарласқан.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев