Беларусь еліне ресми сапармен барған Мәжіліс төрағасы Президент Александр Лукашенкомен кездесті. Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, елде жүзеге асып жатқан саяси реформалар мен жаңа Конституция жобасы туралы айтты. Өз кезегінде Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа игі лебізін жолдап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы парламентарийлердің рөліне тоқталды. Тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, сауда-экономика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қазақстан мен Беларусь – сенімді стратегиялық серіктес. Мемлекеттер басшылары мұны үнемі айтып келеді. Екі ел арасында жемісті саяси диалог жолға қойылған. Өнеркәсіпте, машина жасауда және аграрлық салада кооперациялық байланыс кеңейіп жатыр. Екі мемлекеттің парламенттері де өзара қарым-қатынастың қарқынды дамуына зор үлес қосуда. Заң шығару ісінде тұрақты тәжірибе алмасу жолға қойылып, достық топтары белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеп жатыр, депутаттарымыздың арасында бекем байланыс орнаған.