Отандастарымыз елге оралды

  • 11
  • 05.03.2026, 21:39

Сауд Арабиясынан шыққан ұшақ түнгі сағат 3 шамасында Ақтау әуежайына қонды. Борттағы 145 жолаушының үшеуі кәмелекетке толмаған бала.

Ақтау халықаралық әуежайына эвакуациялық борт Жидда қаласынан ұшып келді. Жолаушылардың дені Қатардан автобус арқылы Эр-Ридяқа, одан әрі Жиддаға жеткізілген. Сол жерде Сауд Арабиясының Доха қаласынан келгендермен бірге қазақстандық ұшаққа мінген. Таяу Шығыста болған отандастарымыз Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес жан-жақты қолдау көрсетілгеніне алғыс білдірді.  

- Үлкен алғысымды айтқым келеді. Аман-есен Ақтауға, Отанымызға жеттік. Ең бірінші Президентімізге алғыс айтқым келеді және Қатардағы елшілікке ризашылығымды білдіремін. Олар отельге дейін орналастыруға жеке барып көмектесті, электронды түрде хабарлама беріп отырды. Қазақстан мемлекетінің Үкіметі атынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда, біздің елдің қолдауы ерекше болды.

Меккеге сапарлап кеткен бір топ Қазақстан азаматы Ақтау әуежайына дін-аман оралды. Эвакуациялық рейспен келгендердің арасынан мүгедектігі бар азаматтар мен 5 жасқа дейінгі балаларды байқадық.

Бақыт Елубаев, туристік агенттік өкілі:

- Жалпы олар 22 ақпан күні кеткен болатын. 2 күн кешігіп келіп жатыр, бірақ Аллаға шүкір, қызмет ұсынған компания барлығын өзі көтеріп, қажылардың жағдайын жасап, осылай келіп жатқан жәйіміз бар.

- Бірінші күні ұшу керек еді. 2 күн халықаралық жағдайға байланысты іркіліп қалдық. Рақмет Президентімізге. Мың да бір рақмет. Аман-есен елге оралдық.

Ақтауға ұшып келген отандастарымыздың кейбірі Алматыға жол тартты. Азаматтық авиация комитеті таратқан ақпаратқа сәйкес, Таяу Шығыстан тағы екі рейс келеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жуық арада «Жидда-Ақтау-Алматы» бағыты бойынша 148 орындық ұшақ және «Жидда-Атырау-Алматы» бағыты бойынша 184 орындық әуе кемесі елге жетуі тиіс. Сондай-ақ отандық әуе компаниясы Дубайдан Астана мен Алматыға рейс жасауды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда, 506 жолаушыны тасымалдау көзделген.

Талғат Исламұлы Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев