«Әділет» партиясы Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

  • 8
  • 13.08.2026, 19:41

Жұмыс орындарын көбейту, облыс орталығын дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау және бала қауіпсіздігі. «Әділет» партиясының республикалық штабы кездесуде осы тақырыптарды талқылады. Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі халықты жұмыспен қамту. Партия 2031 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі мен логистиканы дамытып, ел бойынша кемінде 1 миллион жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Бизнеске кедергі келтіретін артық әкімшілік рәсімдерді азайтып, салық жүйесін баршаға түсінікті ету де маңызды. Кездесуде қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастыру, балаларға білім, медициналық және әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері де сөз болды.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

-Мемлекет басшымыз еліміздің жалпы ішкі өнімін екі есеге арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Қазір мемлекет осы бағытта өзінің жұмысын белсенді жүргізіп келеді. Өздеріңіз білесіздер, бізге елімізге келіп жатқан қаншама сапалы инвесторлар бар. Әлемдік алпауыт компаниялар бар. Олардың барлығы біздің елімізде инвестициялық климаттың жақсы екенін мойындап отырғаны, мына Алатау қаласының құрылғаны да соған арнайы, ерекше бір жағдай туғызудың бір дәлелі деп түсінеміз. Бұл тек қана осы өңірде емес, сонымен қатар бүкіл елімізді алға тартады деген үлкен сенім бар. Сол үшін жасалып жатыр.