Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастың проблемалары талқыланды
Бірақ ол қай жерде және қандай? Елордада Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастың қазіргі проблемаларын талқылаған алқалы жиын өтті. Алуан пікір айтылды, ұсыныс та аз болған жоқ. Мысалы Мәулен Әшімбаев осы саладағы барлық қоғамдық ұйымды тексеріп шығуды ұсынды. Ал ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев елде этносаясат мәселелеріне арналған жаңа ғылыми-зерттеу институты құрылатынын хабарлады. Сенатор Нұртөре Жүсіп: «Конфликтолог мамандарды даярлау қажет», – деп отыр.
Қордайдағы қақтығысқа тура 20 күн. Осы уақыттан бері тергеу жүргізілді, айыптылар анықталды, зардап шеккендерге қолдау көрсетілді. Салдары ауыр оқиғаның себебі де тарам-тарам. Әлеуметтік проблемалар, жемқорлық, тіл мен дінге де қатыстырды. Бірақ ең бастысы Қордайдағы осы оқиға бізде жүргізіліп жатқан этносаясатта саңылау барын білдіртті. Осы ретте биыл өзінің 25 жылдығын атап өтетін, татулық институты ретінде танылған Ассамблеяның да атына айып таққандар кездесті.
Айдос Сарым, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:
- Біздің қазақ ағайынның арасында «мұны таратып жіберу керек, сонда ғана бақытқа кенелімз» деген жаңсақ пікір де жоқ емес. Ассамблея құрылған кезде оның міндеті басқа болатын. Осы жылдар ішінде бұл ұйым бірнеше саяси оқиғаға араласты. Бәлкім жаңа заманға сай конституциялық статусы өзгеруі керек шығар деп ойлаймын.
Дауласуға болғанымен, жауласуға болмайды. Депутат Нұртөре Жүсіп ұлтаралық мәселеге келгенде ұзақ сөйледі. Сенатор 8 түрлі ұсыныс тастады. Соның бірі – елдегі жетекші оқу орындарында «Конфликтология» факультетін ашу. Сенатордың айтуынша, спортты да, өнерді де біріктіруші құрал ретінде қолдануға болады.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Халықаралық спорттық жарыстарда Қазақстан халқы бір жұдырықтай бірігіп отырады. Шаршы алаңға Геннадий Головкин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Ольга Шишигина, Серік Сәпиевтер шыққанда, кім олардың ұлты мен руын сұрады? Бізге осындай бірлік пен тұтастық керек.
Депутат этносаралық мәселелерді шешудегі сарапшылар мен саясаттанушылардың жұмысына да көңілі толмайтынын айтты. Олардың әдетте оқиға өтіп кеткен соң ғана дүр ете қалатынын сынады. Зерттеулер қайда, үкіметтік емес ұйымдар не істеп жүр? Сұрақ заңды. Жауап жоқ. Зерттеулер демекші, ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Қордайдағы оқиғаның себебі мен салдары осыдан 4 жыл бұрын жүргізілген зерттеулерде де анық байқалғанын айтады.
Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
- Осы жылдың 11-13 ақпан аралығында ҚХА-ға қарасты ғылыми-сарапшылар кеңесінің мүшелері Қордай ауданына барып қайтты. Осы аймақта 2016 жылы жүргізілген зерттеулерде көрсетілген проблемалар әлі сақталып қалған екен. Оның ішінде дүнген халқының әлеуметтік-мәдени оқшаулануы, жастардың түрлі мемлекеттік бағдарламалардан алшақтығы, мемлекеттік қызметтегі этникалық теңсіздік, жер және су ресурстарының тапшылығы, контрабанда, құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлық сияқты проблемалар болды.
Қордайдағы оқиға – соңғы 5 жылдағы 4-інші ұлтаралық кикілжің. Аз ба, көп пе? Сарапшылар мен саясаттанушылар осындай оқиғалардың бір себебін жергілікті басқарудың осалдығынан көреді. «Бізге халықпен сөйлесе алатын басшылар керек», – дейді Мұрат Әбенов.
Мұрат Әбенов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ вице-президенті:
- Қоғам алдына бара алатын әкімдер, басшылар керек. Президент резервистермен кездескенде: «Бізге жаңаша жұмыс істей алатын адамдар керек», – деді.
Дөңгелек үстел басында үшкір ойлар айтылды. Талқылау қорытындысы бойынша тағы бір сарапшылар тобы құрылмақ.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:
- Мына этносаясатымыздағы ахуалдарды талқылаудың нақты тәжірибесі ретінде сарапшылар тобын құрамыз. Жүйелейді, басқа да этносясатта мемлекеттік жұмыстар бойынша нақты ұсыныстарды береді деп жоспарлап отырмыз.
Айтылған сан алуан пікірдің тобықтай түйінін тағы сол Нұртөре Жүсіптен естідік. Оның айтуынша, барлық мәселеге бірінші кезекте қазақ ұлты жауапты. «Міне осы ой кез келген Қазақстан азаматының қаперінде тұруы керек», – дейді депутат. Басқаша айтқанда, бетеге кетер, бел қалар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков